Оңтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдай департаментінің мамандары күнгейдегі су қоймаларын тексеруді бастады. Бұл жолы олар тексеруді алдымен Тоғыс су қоймасынан бастады. Жаз кезінде Тоғысқа келетін адам көп. Арасында балалар да жетерлік. Осыған орай мамандар қауіпсіздік ережелерінің сақталуын көздеп отыр. Құтқарушылар су қоймаларының иелерімен де біге жұмыс істеуге дайын.
Ереже бойынша, жаппай шомылуға рұқсат беріліп, құтқарушылар отыратын әр су қоймасы арнайы жабдықталуы тиіс. Моторлы қайықтар мен басқа да жүзу құралдарының иелерінде суға батқан адамды құтқарудың барлық құралдары болуы керек. Бұл жолғы рейдке шыққандар да осыны тексеріп жүр.
Рейдке шыққандар бұл су қоймасында судан құтқару құралдары жеткілікті екеніне көз жеткізді. Осында орналасқан төтенше жағдай департаментінің судан құтқару жасағаның мүшелері жағдайды үнемі бақылауда ұстайды және су қоймасының иелеріне ақыл-кеңес береді. Мүмкіндікті пайдаланған мамандар балалармен сөйлесіп, судағы қиын жағдайда қалай әрекет етуді түсіндірді.
Шардара су қоймасына жасаған соңғы рейді кезінде соңы қайғылы жағдай әкеліп соқтыруы мүмкін бірнеше тәртіп бұзу фактісі анықталды.
Төтенше жағдай департаментінің мамандар мұндай тексерулер облыстың басқа да қорғалатын су қоймаларында өтеді деп отыр. Құтқарушылардың мұндағы мақсаты — суда болуы мүмкін қайғылы жағдайлардың алдын алу. Сондықтан тәжірибелерімен бөлісуге дайын. Бүгінгі таңда дейін бірнеше демалыс аймағының иелері құтқарушыларға өтініш жасап, өз қызметкерлерін судан құтқару әдістеріне үйретуді сұранып отыр.