Созақтағы Қызылкөл кезінде ернеуі тасыған, емдік балшығымен атағы алысқа кеткен демалыс аймағы еді. Шипалы көлге дертіне дауа іздегендер көп келетін. Босағасы қонақтардан босамайтын Қызылкөлдің соңғы 20 жылда қызығы тарқады. Суы тартылып, экологиялық ахуалы ушығып кеткен-ді. Енді міне Қызылкөлге су оралды.
Көл танабының құрғауының бірнеше себебі бар. Ең алдымен құрғақшылықтың тигізген кесірі орасан. Сондай-ақ, Жаңатас кен өндіру комбинатының Үшбас өзені бойынан терең карьерлер қазуы судың жерасты үңгірлерге сіңіп кетуіне себеп болған көрінеді. Өзен арнасын бөгеп, тоғандарға, егістік алқаптарына бұрып алғандар да көп. Салдарынан 1997 жылдан бас-тап суы тартылып, жағасы тұзданды.
Қызылкөлді бұрынғы қалпына келтіру үшін гидролог-ғалымдар көп еңбек сіңірді. Еңбектерінің жемісі – Баба-Ата арнасы. Мамандардың айтуынша, енді көлдің келешегіне алаңдаудың қажеті жоқ.
Былтыр жауын-шашын көлемі көп түсіп, көл кемері қайта толуына мол септігін тигізді. Енді көлге құятын, бірақ көлге жетпей жер-жерден бөлініп кететін ұсақ өзендердің де мәселесін шешіп алу қажет.
Емдік қасиеті мол тұзды балшығының тері, омыртқа жотасы аурулары, созылмалы жүйке жүйесі дерттеріне шипасы мол екені аян. Ернеуі толған көлге демалушылар да, емделушілер де қаптайтыны сөзсіз. Алайда бірнеше жылдан бері тұзы ұшып, тартылып қалған көл жағалауы ел көшіп кеткен ескі жұртқа ұқсап тұр. Көл жағалауын туристер мекеніне айналдыру үшін кәсіпкерлік саласын жандандыру қажет. Алайда тұсау болып тұрған түйінді мәселелер көп. Қызылкөл – облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының еншісінде. Ерекше қорғалатын аумаққа жататындықтан жағажай жерін жеке кәсіпкерлерге беруге болмайды екен.
– Осында шипажай ашқысы келетін инвесторлар бар. Олар «алдымен ерекше қорғалатын аумақтың тізімінен шығарып, 49 жылға жалға берілетіндей етіп жасап беріңіздер» дейді. Сосын ғана заңды түрде кәсіптерін бастамақ. Алайда аталған мәселе шешімін таппай тұр. Тағы 10 кәсіпкер жағажайда киіз үй тігіп, демалыс орнын ашудан ниетті. Құмкент ауылдық округіне қарасты «Қызылкөл» көлі мемлекеттік табиғи ескерткіш болып саналады, – дейді Созақ аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Алмат Алтыбай.
Абай Көбенов, Құмкент ауылдық округінің әкімі:
– Қызылкөлдің суы бұрын 123 млн текше метр болған. Тартылып кеткенде 25-30 пайы-зы ғана қалды. Қазір арнасы толып, 100 млн текше метрге жетіп, тоқсан пайыздай толды. Бұрындары көлде балық көп болатын. Кейін азайып кетті. Суы кемерінен тасыған көлге жуырда 60 мың сазанның шабағы жіберілді. Біздің ауыл көлден 6 шақырымда, ал Қызылкөл елдімекені 2 шақырым жерде орналасқан. Қызылкөлдің суы тұзды. Суы тартылған соң тұзының бәрі бетіне шығып кетті. Батыстан жел соққанда тұз ұшып, жақын маңдағы ауылдардың экологиялық ахуалы ушықты. Енді ернеуі қайта толған соң қоршаған ортаға тигізер зардабы болмайды деген үміттеміз. Жазда шомылу маусымы басталмақ. Емдік балшығына бола келетіндер көп. Астанадан, Ресейден келетіндер басым. Бірақ жағажайда демалушыларға, емделушілерге ешқандай жағдай жоқ.
Қызылкөл балшығының қалыңдығы
0,3 метр. Көлдің орташа тереңдігі 3,7 метр. Ең терең аумағы 8 метрге жетеқабыл. Қызылкөлдің минералдануы және химиялық құрамы әр түрлі. Суы аздап ащы, өте кермек,
сілтілі
Гүлжан ЖҰМАШ