С: «Бизнес Бастау» жобасы бойынша несие берілетінін жиі естимін. Осы жоба арқылы берілетін 18 млн теңгені қалай алуға болады?
Ж: Бұл үшін ең алдымен тестілеуден өтіп, аталған жоба арқылы кәсіптік негіздерін оқып, білімін жетілдіріп, сертификат алуы қажет. Одан кейін бизнес жобасын ұсынады. Егер жоба қолдау тапқан жағдайда жылдық сыйақы мөлшері 6 пайызбен 18 млн теңгеге дейін несие алып, кәсібін ашуға мүмкіндік бар. Несиені қайтарудың мерзімі кәсіпкерлер үшін 5 жылға, ал ауыл шаруашылығы бойынша жобалар мен кооперативтер құру үшін 7 жылға дейін ұзартылған. Бағдарламаның ең басты артықшылығы — сол азаматтарға мемлекеттің өзі кепіл болады. Яғни, кәсібін жаңадан ашқандарға мүлкінің 85 пайызын, ал кәсібін өрге өрлетіп жүргендерге 50 пайызын мемлекет кепілдендіреді. Бағдарламаны «ҚазАгроГарант» мекемесі бақылауда ұстайды.
С: Оқығандардың барлығы қаржыға қол жеткізе ме?
Ж. Жоспар бойынша оқыту 6 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең енді аяқталыпты. Алғашқы топта оқуға облыс бойынша 311 адам өтініш білдірген. Жыл соңына дейін 1500 адам оқытылуы тиіс. Барлығы да жеңілдікпен берілетін несиеге қол жеткізеді деп айту қиын. Мемлекеттік бағдарлама бойынша білім алғандардың 20-30 пайызы қаржыландырылады. Өйткені оқуға келгендердің арасында тек қаржы үшін емес, кәсіпкерлік саласындағы білімімді жетілдірсем, бизнес жүргізудің алғы шарттарын үйреніп, есеп-қисап жүргізудің қыр-сырын меңгерсем деген ниетпен келетіндер де басым. Оның үстіне несиеге қол жеткізуге ниет еткендер қатаң сүзгіден өтеді. Кәсіпкерлер палатасы және қаржы институты несие тарихын зерттеп, кепілге қойған мүлкін, төлем қабілетін тексереді.
«Атамекен» бизнес мектебінің басшысы Нұғман Жұлдызбаевтың айтуынша, «Бизнес Бастау» бағдарламасына 3 санат бойынша яғни, жұмыссыздар, бастаушы кәсіпкерлер, өзін жұмыспен қамтығандар қатыса алады. Өтінішті кәсіпкерлер палатасына, жергілікті атқарушы органдарға және жұмыспен қамту орталығына беруге болады.
«ҚазАгроКепіл» АҚ ОҚО бойынша өкілдігі: Шымкент қ, Солтүстік Шығыс ықшамауданы, 303В
kag@agrogarant.kz
Гүлжан ЖҰМАШ