Бәйдібек ауданында тұт жапырағын сатады, дуадақ өсіреді

961

Бәйдібек ауданының береке қонған жерінде асыл тұқымды мал бағып, тұт жапырағын жинап, құс өсіреді. Ауданда сонау Ақмоладан әкелінген ірі қара тұқымын Боралдай өзенінің бойына жерсіндіріп, үйреткендері де, тұттың жаңа сортын шығарып, аудан халқын жаппай жұмыспен қамтамасыз етуге бел буғандары да, аумағы ат шаптырым жерді биік дуалмен қоршап, дуадақ санын көбейтетіндері де бар.

«Еңбек еткеннің жолы болады»

«Мал өсіріп, егін салып, оны бизнеске айналдыру қиын емес пе» деп сұрағанға «ИП Назарбаев» шаруа қожалығының иесі Мақсат Назарбаевтың айтар жауабы біреу екен. «Кімде-кім еңбек етіп, тер төксе, онда оның жолы болып, ісі алға басады».

Осындай ұстаныммен қаладағы бизнесін дөңгелеткен ол 2015 жылы Бәйдібек ауданының Боралдай ауылынан жер алып, шаруа қожалығын құрады. Сол жылы Ақмоладан 90 бас «Абердин-Ангус» асыл тұқымды аналық сиыр мен 3 бас асыл тұқымды бұқа әкеліпті. Әр басқа 150 мың теңге мемлекеттен субсидия бөлінген. Аналық сиырдың бүгінде 82-сі қалыпты. Бір рет бұзаулап, 68 бас төл алынған. Аналық сиырларды ұрықтандыру кезінде әрқайсысына 18 мың теңгеден субсидия беріліпті.

Мақсаттың айтуынша, Ангус сиырларының бірнеше артықшылығы бар. Біріншіден, етті бағыттағы асыл тұқымды мал. Екіншіден, жергілікті жай бұқалар жайылымда жүріп, күніне 800 грамм шамасында салмақ қосса, Ангус бұқаларының салмағы 2-2,5 келіге артып отырады. Тағы бір қасиеті, қазір Қазақстанда етті бағытта өсірілетін асыл тұқымды ірі қараға көбіне дәрі беріп, укол салып, салмағын арттырады. Мына Ангус бұқалары жайылымда жүріп, ет жинай береді. Сондықтан еті дәмді әрі жұғымды болады.

«Абердин-Ангус» сиырлары – солтүстіктің климатына бейім болғандықтан, облысымыздың Қазығұрт, Түлкібас, Төлеби сынды таулы аудандарында өсіріледі. Мұндай салқын сүйетін ірі қараның ыстығы ми қайнатар Бәйдібек ауданына жерсінуі бірегей жағдай. Оңтүстіктегі ауасы ыстық аудандардың ішінде тек Бәйдібекте ғана «Абердин-Ангус» сиырлары көбейіп жатыр.
Ангус сиырының ыстық жерге бейімделіп, жем-шөбіне үйренуі қуанышты жағдай. Өйткені, енді осындағы Ангус бұқаларын басқа фермерлер сатып алып, аналық сиырына қойса, тұқым асылданады әрі туған бұзаулары Оңтүстіктің ыстығын жатсынбайды.

Жайылып ағатын Боралдай өзенін жағалай қоныстанған фермада 5 адам тұрақты жұмыс істейді. Бәрі де ауыл тұрғындары. Ферма иесінің сөзінше, мал басы көбейіп, егістік көлемі ұлғайған сайын, жұмысқа тартылатын адам саны да өседі.

Мақсат НАЗАРБАЕВ, «ИП НАЗАРБАЕВ» фермасының иесі:

– Көп қаржы құйдым. Ақмоладағы «Армавирский» фермасынан әр аналық басты сатып аларда тірідей таразыға тартып, келісіне 1200 теңгеден төледім. Есептей беріңіз, әр сиыр 300-400 кг тартады. Солай әкеліп, осында өсіріп жатырмыз. Әзірге еш табыс әкелмеді. Ұзақмерзімді жоба болғандықтан, тек 3-4 жылдан кейін ғана пайда түседі. Қазір тек мал басын көбейтумен айналысамыз. Басты жоспар – аналық сиырды 2000-3000 басқа жеткізу. Мал басын асылдандырамыз. Ал бұқаларын сатамын. Етін экспортқа шығарамыз.

Тұт жапырағына 1 млн теңге

Тұт ағашын өсіріп, жапырағын сататындар миллиондап пайда табады. Бейнетіне шыдаса, табысын екі еселейді. Бәйдібек ауданында тұт көшетін егіп жатқандардың айтары осы. Ақбастау ауылы маңындағы Домалақ Ана кесенесі алдындағы 55 гектар жерге түрлі ағаш көшеттері отырғызылып жатыр. Оның 20 гектарына 140 мың түп көшеттері отырғызылады. Бәйдібектің ыстық, құрғақ ауасы-на бейімделген жаңа сорт. Қытайдан әкелінген ергежейлі тұт сұрпын жергілікті Манкент сортымен будандастырып, жаңа сорты шығарылыпты. Биіктігі 2 метрден аспайды. Мол өнім береді.

Сонымен тұт жапырақтары неге керек?

Жібек құртының негізгі қорегі — тұт жапырақтары. Жапырақ болмаса, жібек пілләсі де болмайды. Енді сол жібек құртын қоректендіру үшін үлкен мөлшерде тұт жапырақтары қажет. Міне сондықтан да аудан тұрғындарын тұт өсіріп, жапырағын жинауға жаппай тартып жатыр. Қазір аудандағы алты ауыл округінің әрқайсысына 2-3 гектарға тұт көшеттерін отырғызып беріпті. Осы істің басы-қасында жүріп, бәріне үйрететін — «ПК KZ Нұрлы жол» кооперативінің төрағасы Сұлтанбек Бакиров.


Оның айтуынша,тұт жапырақтарын жинауға көп жұмыс күші керек. Жапырақты таңғы сағат 6-дан 9-ға дейін және кешкі сағат 18:00-ден 21:00-ге дейін жинайды. Төрағаның сөзінен білгеніміз, бұл – әлеуметтік жоба. Аудан халқын мейлінше осы іске көптеп тартуды көздейді. Егер жинаған тұт жапырағын «сатпаймын, өзім жібек құртын өсіріп, жібек пілләсін шығарамын» десе, онда бұған да жағдай жасайды. Осылайша бір маусымда бірнеше миллион теңгеге кенеледі.

Жібек пілләсінен жібек матасы алынады. Ал жібек матадан 2000-нан астам түрлі бұйым жасауға болады. Қазір кооперативте 2 қорап жібек құрты өсіріліп жатыр екен. Көлемін арттыруға да болады. Бірақ бұған тұт жапырағы молынан керек. Пілләні алматылық дизайнерлер сатып алады. Көлемін ұлғайтса, Италияға экспорттайды. Жібек матасынан жасалған бұйымдарды Домалақ Ана кесенесі алдындағы дүңгіршекте де сатады.

Сұлтанбек БАКИРОВ, «ПК KZ Нұрлы жол» кооперативінің төрағасы:

– Бір гектар жерге 7 мың түп тұт көшеті егіледі. Әр түп көшет 7-8 келі тұт жапырағын береді. 1 келіде 160-200 дана жапырақ болады. Демек, бір тұт ағашынан 1600-1800 жапырақ жиналады. Бір гектардан 50 тонна тұт жапырағы шығады. 50 тонна жапырағымыз 50 қорап жібек бағуға жетеді. Бір қораптан 55 келі піллә алынады. Сонымен біз бір қазіргі нарық заманына қарай, бір келі тұт жапырағын 20 теңгеден сатып алатын болып белгіледік. Есептесеңіз, 1 гектардан 1 млн тонна табыс табуға болады. Бір миллион табыс тауып жатқан адамдарға өтініш жасап жатырмыз. Егер жібек құртын өздері бағып беретін болса, бір келі пілләға тағы қосымша 400 теңгеден береміз. Осылайша тағы 1 млн теңге табыс түседі.

Жылына 600 дуадақ ұшырады

Роман Бакиев, «Reneco Kazakhstan» атқарушы компаниясының директоры:

– Бұл — өте керемет, әрі ғажап құс. Дуадақ құсының тарихы араб елімен тығыз байланысты. Мың жылдан аса уақыт бұрынғы ашаршылықта арабтар негізі қорығы ретінде осы құсты аулаған көрінеді. Енді табиғат тамашасын өз иесіне қайтару үшін барымызды салудамыз.

Бәйдібектің Бірлік ауылында жасанды жолмен дуадақ өсіру ісі жанданған. Араб инвесторы Шейх Халифа Бен Зайд Аль-Нахайянның қолдауымен құрылған құс тұқымбағынан табиғатқа жылына 600-ден астам дуадақ ұшырылады.  Бүгінге дейін 895 гектар аумаққа орналасқан орталыққа 3,5 млрд теңге шетел инвестициясы тартылып, ауданның 156 тұрғыны жұмыспен қамтылған.
Мұнда өсірілген дара дуадақтар Созақ ауданындағы Бетпақдала аймағына жіберіледі.

Жәнібек НҰРЫШ