Күнгейде мемлекеттік қызметкерлердің қатары артуы мүмкін. Шымкенттегі «Көрме» орталығында бос лауазымдар жәрмеңкесі өтті. Игі бастама 23 жергілікті және 18 мемлекеттік органдардың қатысуымен, жұмыс орындарын ұсынуымен өрбіді.
Ислам Өтемісовтың жасы — 23-те. Биыл М.Әуезов атындағы ОҚМУ-ді «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» мамандығы бойынша тәмәмдаған. Енді мемлекеттік қызметкер болу үшін өтінім тастады. Алда 2 жеті бойы ата заңымызды жаттап, сынаққа келетін кейіпкеріміз таңдау жасаудағы тәсілін жасырған жоқ. Алдымен жалақы мәселесін қаузады.
Ислам Өтемісов, жас маман: «Мен екінші санат бойынша тест тапсырмақпын, онда 130 сұрақ болады екен. Енді ғаламтор ақтарып, саяси сауатымды арттырамын, Ата заңымызды жаттаймын. Бір сөзбен айтқанда, дайындығымды пысықтаймын. Негізі мен мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы аз деп естігенмін, бірақ басқармаға қарағанда, жергілікті департамент мамандарының айлық еңбекақысы анағұрлым жоғары екен. Сондықтан, тек департаментке жұмысқа тұрамын деген жоспар бар».
«Бос лауазымдар» жәрмеңкесі Қазақстанның мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңіріміздегі департаменті мен жергілікті органдардың қатысуымен, жұмыс орындарын ұсынуымен өрбіді. Жәрмеңкеге келгендердің қатарында жоғарғы оқу орындарын биыл тәмамдаған түлектер көп. Басым бөлігі мемлекеттік қызметшілердің «Б» корпусына қызығушылық танытты. Енді талапкерлер алдағы мемлекеттік тестілеуден — Ата заңымыздан қойылатын сұрау-сынақтан сүрінбесе, діттеген қызметіне жайғаспақ. Ал осы жолғы «Бос лауазымдар» жәрмеңкесінде жерлестеріміз үшін барлығы 393 жұмыс орны ұсынылды.
Айбек Шілманов, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары: «Өткен жылы 500-600 орын бос еді. Биыл анағұрлым көрсеткіш азайды, яғни мемлекеттік қызметшілердің саны артты. Ал мемлекеттік қызметке үміткер азаматтар ең алдымен арнайы тестілеуден өтеді. Тестілеудің негізгі мақсаты — үміткердің заңнамадан сауатын анықтау. Егер тестілеуде оң нәтижеге жетсе, растайтын арнайы сертификатты алады. Сол құжат арқылы 1 жыл көлемінде мемлекеттік қызметке орналасуға мүмкіндігі бар».
Мамандарға деген ең көп сұраныс ауыл шаруашылығы басқармасынан түскен. Ал жәрмеңкеде жыл бойы бос тұрған Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің өңіріміздегі департаменті мен білім басқармасы басшысының орны да ұсынылды. Бірақ біліктілік санаттары сәйкес келмеді ме, әйтеуір қызығушылық танытқандардың қарасы көрінбеді. Сондай-ақ, облыс әкімдігінің аппараты да 5 бірдей лауазым иесін іздеп келді.
Айнұр Жалмұрзаева, облыс әкімі аппараты персоналды басқару бөлімінің бас маманы: «Жоғары білімі бар жастар керек, бірақ олардың бұған дейінгі мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтілі 2-3 немесе 5 жылдан кем болмауы маңызды. Ал бүгінгі шарада Түлкібас, Сарыағаш, Отырар секілді аудандардағы мамандар аталған лауазымдарға қызығушылық танытты, кемінде алдыма келген 200 адамға түсіндірме жұмыстарын жүргіздім».
Айта өтейік, бүгінде Оңтүстік өңірінде 469 мемлекеттік орган бар. Қазір онда 9000-ға тарта мемлекеттік қызметкер еңбек етеді.