Оңтүстікте бірқатар бизнес нысандары толық іске қосылмай тұр. Оған салынған нысанға инфроқұрылымның толық жеткізілмеуі себеп. Сондықтан шығынға батудамыз дейді кәсіпкерлер. Айта кетейік, өңіріміде «Бизнестің жол картасы» аясында 2010-2016 жылдары жергілікті атқарушы органдар кәсіпкерлердің 68 жобасын қаржыландырған болатын. Алайда 6 жобаны іске қосуда күрделіліктер пайда болып отыр. Осы мәселелер облыстық кәсіпкерлер палатасының кеңесінде талқыланды.
Шымкенттегі Қызылжар елдімекенінде темір-бетон өнімдерін және тауарлы бетон шығару зауытын сумен жабдықтау — мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылатын жобалардың бірі болатын. Серіктестіктің өтініміне сәйкес бюджеттен бұл іске 30 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Тапсырыс беруші — облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық басқармасы. Нысан 2014 жылы мемлекеттік қабылдау комиссиясымен пайдалануға бекітілген.
Надежда Бучукина, «Dala Construction» ЖШС өкілі: «Алайда, күні бүгінге дейін нысанды пайдалану мүмкіндігі болмады. Себеп — жүйенің құрылысын жүргізу кезінде мердігер құрылыс нормалары мен қағидаларын сақтамаған. Үш сорғының орнына нысанға екі насос орнатылған. Мемлекеттік қабылдау комиссиясы жобалық-сметалық құжатқа сәйкес келмейтін нысанды пайдалануға берген.»
Кәсіпкердің тапсырыс берушіге орын алған кемшіліктер бойынша жолдаған хабарламаларына қарамастан, бюджет қаражатына соғылған нысанның кемшіліктері жойылмаған.
Мәселе шешімін таппаған соң кәсіпкер сотқа шағымданады. Және басқармадағы жауаптыларға шара көру жөнінде облыс әкіміне хат жолдаған. Мемлекет қаржысына соғылған нысан кемшіліктер салдарынан өз мерзімінде пайдаланусыз қалып, тозығы жеткен. Мәселені жан-жақты талқылаған кеңес мүшелері бір шешімге келді.
Яғни, мемлекет қаражатын тиімсіз пайдаланған шенеуніктерді жауапқа тарту бойынша облыс әкіміне хат жолданады. Және бұл мәселені қайта қарау бойынша кеңестің ұсынысы облыс прокуратурасына жолданады.
Осы істі толық тексеру үшін ішкі аудит жүргізу қажет. Олар үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросына шара көру жөнінде хат жолданды.