Ордабасыда көп балалы ана жартылай қираған баспанада тұрып жатыр. «Жығылғанға — жұдырық» демекші, отбасының отағасы осыдан бес ай бұрын инфаркт алып, төсекке таңылған. Мүгедек күйеуінің жанынан шыға алмайтын көп балалы ана бес перзентін асырау үшін қазір өлместің күнін кешуде. Төрт жылдан бері апатты үйде тұрып жатқан Омаровтар жанұясының зарына құлақ асар жан жоқ.
Бір көргенде бұл ғимарат баспанаға емес, қараусыз қалған сарайға ұқсайды. Бірақ, бұл қираған нысанда бір отбасы паналап отыр. Құлауға шақ тұрған үйдің қабырғалары күн санап үгітіліп түсуде. Үйді жөндемек түгілі бұл жанұя күнделікті тамағын әрең табуда.
Ал отағасы жылдың басында инфаркт алып, аяқ-қолы істемей, төсекке таңылған. Осылайша жанұяның әкесі бала-шағасына көмектесе алмай, шарасыз күйде қалды. Отағасы сырқатына байланысты жәрдемақы алады. Алайда ол дәрі-дәрмекке жұмсалады екен.
Былтыр бүкіл жанұя болып жаңа ғимараттың іргетасын қалаған болатын. Алайда, қаржы тапшылығы бұл тірлікті де тоқтатып қойды. Үйдің құрылысын ары қарай жалғастыру үшін отбасыға материалдық көмек керек.
Айгүл Тасқараева, көп балалы ана: «Күйеуім жеке істермен айналысып жүрген. Алайда денсаулығы сыр беріп, бірден төсек тартып ауырып қалды. Жағдайымыз қиын. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалына барып, көмек сұрадым. Олар мені ауыл әкімшілігіне жіберді. Ауыл әкмішілігі үй беруден бас тартты. Амал жоқтан көмек сұрап жатырмын. Қазір мемлекеттен жәрдемақы аламын. Бірақ, ол күйеуімінің дәрі-дәрмегінен артылмайды. Тұрып жатқан баспанам қирап жатыр. Қираған қабырғаларды көрген сайын шошып жүреміз. Бала-шағам үшін уайымдап, өлместің күнін кешудемін.»
Ал Бөген ауылының әкімі бұл отбасының жағдайынан толық хабардар екен. Сөйте тұра өздерінің тарапынан көмек көрсете алмайтындарын айтуда. Тек қаржылай көмектесетін демеушілерге ғана үміт артады. Бірақ, бұл жағы әзірге белгісіз.
Бектай Шамет, Бөген ауылдық округінің әкімі: «Қаржылай көмек бере алмаймыз. Өйткені ауыл әкімшілігінде ондай мүмкіндік жоқ. Сондықтан біз демеушілердің қолдауын кұүтеміз. Қазір енді бұл отбасыны басқа жаққа көшіруге ауданда мүмкіндік жоқ. Үйінде ауырып жатқан адамды көшіру дұрыс емес деп есептейміз. Бұл отбасы өздерінің үйінде тұрады. Олар жаңа үй соғып жатыр. Біз соған көмектесеміз деп ойлаймыз.»
Ауыл әкімшілігі көмек көрсететін демеушілерді іздеп жүргенде бүкіл бір отбасының баспанасы қирап, қайғылы жағдайға апармаса жарар еді. Өйткені апатты үйдің қабырғалары күн санап қирап барады.