Шымкентте

Шымкентте «Таза қала» акциясы жалғасуда. Акцияның басты мақсаты – тұрғындарды өз ауласын, көшесін, жалпы қала аумағын таза ұстауға біріктіру. Еңбекші ауданындағы жұмыс тобы көше, аулаларды аралап, тұрғындарды көріктендіру шарасына белсене қатысуға шақыруда. Айта кетейік, бүгінде ауданда 66 көпқабатты үй мен 14 көшенің тұрғындары осынау акцияға қатысуға ниет білдіріп отыр.

Шымкентте "Таза қала" акциясы жалғасуда

Еңбекші ауданы әкімдігінің жұмыс тобы көше, аулаларды аралап, тұрғындарды көріктендіру шарасына белсене қатысуға шақыруда. Түркістан көшесінің тұрғыны Зухра Қасымова көршілерімен бірге өтініш беріп те қойғанын айтады. Әсемдікке жаны жақын азаматшаның ауласынан бастап көшенің бойы гүлдерге толы. Аңқыған иіс, жайқалған жасыл желек көздің жауын алады. Зухра Қасымова былтыр Шымкентте ұйымдастырылған «Таза қала» акциясына қатысып, «Үздік көше» номинациясында бірінші орынды жеңіп алған болатын. Биыл көршілері игі бастамадан қалыс қалмапты.

Зухра Қасымова, Түркістан көшесінің тұрғыны: «Кешке барлығымыз шығамыз. Бір-бірімізбен жаңалығымызды бөлісеміз. Біреу көшетін береді. Бұрын бір-бірімізді танымайтын едік, қазір барлығымыз араласып тұрамыз.»

Шымкентте "Таза қала" акциясы жалғасуда

Зухра апай көршілерін сұлулыққа баулып қана қоймай, тазалықты сақтауға шақырады. Ұстаздың шәкірттері де жеткілікті. Солардың бірі – Дильназ гүлдің күтімімен бірге ұқыптылыққа, жанашырлық және жанның тазалығын кіршіксіз сақтауға үйреткені үшін ісіне адал апайыма алғысым шексіз дейді.

Дильназ Ходжимұратова, Түркістан көшесінің тұрғыны: «Зухра апайға үлкен рахмет! Ауламызды көрдіңіздер – керемет. Осының барлығын Зухра апай жасады. Таңсәріден тыным таппай еңбектенеді. Үнемі көмектесуге тырысамын. Көшеміз әсем болса, одан барлығымыз ұтамыз. Әсем болған жерде адам ұрыс-керіске де бармайды.»

254 мыңнан астам халқы бар Еңбекші ауданының аумағы 20 мың гектардан асады. Егер Зухра апайдың туған қаласына деген ықыласын өзге тұрғындар қолдаса, онда келешекте Шымкенттің көшелері мен аулалары көркейіп, гүлдене түсетінін сөзсіз дейді әкімдік өкілдері.

Пернебек Айтжанов, Еңбекші ауданы әкімдігінің бас маманы: «Былтыр «Таза қала» акциясының «Үздік аула» номинациясы бойынша 62 көпқабатты үйдің тұрғындары қатысса, биыл 64 үй және 14 көшенің тұрғындары өтініш берді. Айта кететін жайт, ауданға қосылған тұрғын алабының тұрғындары да белсенділік танытуда.»

3 мамырда басталған «Таза қала» акциясы қыркүйек айында қорытындыланады. Облыстық азаматтық альянс қауымдастығы ұйытқы болған акцияның жеңімпаздары қала күні марапатталады. Байқаудың жалпы жүлде қоры – 4 миллион теңге.