Кішкентай баланың әріптерді дұрыс айтпауын, тілі кеш шығуын кемшілікке жатқызбай, «еркелігі ғой, уақыт өте түзеледі» деп сенеміз. Облыста осындай тіл кемістігі кездесетін 3500-ге жуық мектеп жасындағы бала бар. Бұл қандай да бір ауруға жатпағанымен, ерте жасынан көңіл бөлуді қажет етеді.
Шымкенттік Мария Қыстаубаеваның алты жасар қызы Даяна мүлдем сөйлемейтін болған. Анасы қызының үш жасында болашағына алаңдап, жолдамамен облыстық оңалту орталығына алып келеді. Дефектолог-логопед мамандардың жаңа технологиялармен түзету жұмысын жүргізуінің нәтижесінде Даяна қазір тақпақ айтып, ән салады. Облыстық оңалту орталығы тілінде кемістігі бар, құлағы нашар еститін және балалардың церебральды сал (ДЦП) ауруына ұшырағандарға түзету жұмыстарын жүргізеді.
– Балалар бізге облыстық психологиялық-медициналық педагогикалық кеңес беру мекемесінің жолдамасымен келеді. Сосын диагноздарына қарай топқа бөлеміз. Қазір оларға арналған 11 топ бар. Алтауы – тіл дамыту, біреуі – есту қабілеті төмен, төртеуі — церебральды салмен ауыратын балаларға арналған. Ең алдымен балаларды орталыққа бейімдейді. Содан кейін әрқайсысына жеке-жеке дамыту бағдарламасы жасалады. Бар жұмыс осы бағдарлама арқылы жүзеге асады. Әр баламен тәрбиеші, логопед, психолог, барлығы үш маман жұмыс істейді,-дейді орталықтың директоры Парида Калиева.
Парида КАЛИЕВА, Облыстық оңалту орталығының директоры:
– Оңалту орталығы 3-7 жас аралығындағы балаларды қабылдайды. Ата-ана баласы 3 жасқа келгенде тіл дамуында кемшілік байқалса, жергілікті емханасына барып, педиатр, логопедтен кеңес сұрауы тиіс. Дер кезінде көмек беруге тырысуы қажет.
Қазір мекемеде түзету-дамыту жұмысына 160 бала қатысып жатыр. Балаларға үш бағытта: емдік дене шынықтыру, педагогикалық және психологиялық бағытта көмек беріледі. Парида Калиеваның сөзінше, үш бағытты бір-бірімен тығыз байланыстыра жұмыс істегендіктен, баланың дамуындағы кемшіліктермен күресу де нәтижелі.
Орталықтың логопед-мамандары Ресейде біліктілігін арттырып, денсаулық қорғау технологиясына жататын жаңа құрылғыларын алып келіпті. Соны қолданады.
Массаждан кейін сөйлеген
Оңалту орталығына жуырда келген 5 жастағы Жеңіс Әлменбетке бір құлағы тума естімейді, екіншісі есту қабілетінің төмендігі бойынша ІІІ сатысында деген диагноз қойылыпты.
– Жеңіс мұнда келгенге дейін мүлдем сөйлемейтін. Томаға-тұйық еді. Жаңа құрылғы арқылы тілінің бұлшықетіне массаж жасап, үздіксіз жұмыс істеудің арқасында 10 күннен кейін әріптерді айта бастады. Қазір сөздерді айтып жүр. Сөздік қоры күн сайын артуда. Айналасындағы адамдармен де тіл табысуы жаман емес,-дейді дефектолог Сәуле Мұсалықызы.
Оның айтуынша, құлағы нашар еститін, сөйлеуінде кемшілігі бар балалармен жұмыс істеу оңай емес. Тыныс жүйесі, тіл жаттығуы, дауыспен жұмыс істеу, тілге массаж жасау арқылы нәтиже шығады. Бұл тәсіл балаларды аз уақыт ішінде дыбысты дұрыс айтып, сөйлеуге үйретеді екен.
Әріпті дұрыс айтпау қалыпты жағдай ма?
Облыста 35 118 мүмкіндігі шектеулі бала болса, оның 3258-інің тілінде ауыр мүкісі бар. Парида Калиеваның айтуынша, балалардың тіл дамуындағы кемістіктердің пайда болуына нақты себептер жоқ. Ата-ана балаларымен уақыттың тапшылығына қарамай, көбірек араласып, сөйлесуі керек екен.
Мадина ҚЫСТАУБАЕВА, қала тұрғыны:
– Қызым алдын мүлдем сөйлемейтін. Кейін түсініксіз сөйлейтін болды. Сосын 3 жасында осында алып келдім. Логопедтердің түзету жұмыстарының арқасында тілі ашылды. Қазір өзін еркін ұстайды. Арадағы үш жылда үлкен айырмашылықты байқадым.
– Ата-ана баланың «р» әрпіне тілі келмейтінін байқаса да, түзету жұмыстарының қажет екенін ескере бермейді. Бұл уақыт өте келе бала психологиясына кері әсер етеді. Ұялады, қысылып, ортасынан алшақтайды. Сол секілді, құлағы нашар еститін немесе церебральды салға шалдыққан балғындарда жағдай осындай. Дер кезінде түзету жұмысын жүргізудің бала болашағы үшін пайдасы көп. Бізде жыл сайын түзету жұмысын қабылдап жатқан балалардың 50 пайызы жалпы мектепке, яғни өзі қатарлас балалардың ортасына қайта оралады,-дейді Парида Калиева.
«Облыстық оңалту орталығы» КММ мекенжайы: Ә.Молдағұлова көш, 8Б
тел: 56-31-93
Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ