«Туған жер — алтын бесігім» фестивалі жалғасып жатыр

961

«Туған жер — алтын бесігім!» Күнгейде осындай тақырыптағы дәстүрлі өнер фестивалі жалғасып жатыр. Аудан-қалалардағы мәдениеттің тынысын таныстырып, таразылайтын сайыстан Қазығұрт ауданы да қалыс қалмады. Байқаудың есебінде екінші болып бағын сынаған ауданның өнер-бағдарламасын  біз де тамашалап қайтқан едік.Бір қарағанда кәнігі этно-ауыл дерсіз, себебі көрініс — сол бір киелі кеме қалған өңірдің өзегі. Тау бөктері — Қазығұрттың өмірі-өнері де осында. Келген көпшілік көрмеге қарап, ауданның аңыз-тіршілігін тамашалай алды. Шымқаланың тұрғындары әсіресе қолөнер бұйымдарына қызығушылық танытқанын байқадық. Еңбектер жәй емес, жәдігерге ұқсайды — әрқайсысының мазмұны тарих тарауларын түгендейтін қалыппен жасалған.Көрмеге қойылған ұлттық танымдық туынды, еңбектермен етене танысқан тұрғындар Наурыз алаңынан алыстай қойған жоқ. Жерлестеріміз үшін халықтың әндері әуелеп, жыр-термелері шалқыды. Келген көрермен фольклорлық ансамбльдің төл ән-жоралғымызды жаңғыртқанына куә болды.

Концерттік шарада ұлттар мен ұлыстардың татулығын ту ететен бағдарламалар да баяндалды. Сазды аспаптар арқылы сыйластықтың құны өлшенді. Аудан таланттарының қабілет-дарынын мәдениет саласының ардагері Бастарбек Пірімбетов бастаған қазылар алқасы бағалап отырды. Ал мәдени шараны ұйымдастырушы тараптың айтуынша, қазір елдімекенде саланың кеңінен дамып, өнердің өрлеуі үшін қазынадан қомақты қаржы қаралып келеді.

Әбубәкір Жаншуақов, Қазығұрт аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы: «Ауданда мәдениент саласының дамуына бар жағдай жасалған. Шүкір, биыл кітап қорын толықтыуға 3,5 миллион теңге бөлінді. Мұндай қаражат бұрын қаралған емес еді. Сондай-ақ, Қазығұртта барлығы 44 мәдениет ошағы бар. 2016 жылы 287 миллион теңгеге 5 ауылдық клуб қайта қалпына келтірілді.  Биыл  100 миллион теңгеге 3 клбумыз күрделі жөндеуден өтпек».

Айта өтейік, осынау «Туған жер — алтын бесігім» фестиваліне Қазығұрт ауданының 600 өнерпазы жұмылдырылыпты. Ал айтулы байқау әлі жалғасады, алда 12 бірдей ауданның бағдарласмасы бар. Яғни, сайыс қараша айында мәресіне жетпек.