Жер кодексінің 50-бабының 2-тармағы бойынша кез келген ҚР азаматы тегін 10 сотық жер алуға құқылы. Жер учаскесін алу үшін әрине заңдық негізде кезекке тұру керек. Бүгінгі күні тегін жер алу кезегінде еліміз бойынша 1 миллион 129 мың азамат тұр.
Өтініш бергендердің ең көбі Алматы қаласында — 112 546, Астанада — 101 234, ал ОҚО бойынша- 139 807 екен.
Жаңа талапқа сай оны жергілікті атқарушы органдар коммуникация жүргізілген жағдайда ғана береді. 2005 жылдан бастап ОҚО-да 81 190 адамға жер берілген. Тегін жер учаскелерін алу үшін азаматтың басында мемлекет тарапынан берілген басқа жер учаскесі болмауы керек деген талап та бар. Оны комиссия жан-жақты тексереді. Жуық арада облыста жеке тұрғын үй құрылысына жер беру жоспарланбаған.
Инженерлік-коммуникациялық жүйелермен қамту үшін жұмыстар жүргізілуде. Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімі мамандарының айтуынша талапқа сай жүйелер жүргізіліп болғаннан кейін ғана жер учаскелері беріле бастайды. Тұрғындардың жер алу туралы өтінішін жергілікті атқарушы орган территория бос болған жағдайда ғана қанағаттандырады.
Жер учаскесін алуға кезекке тұру үшін қалалық әкімшіліктің Фронт офис-Халықтық кеңсесіне барып, арыз жазуы керек. Комиссия оны 1 айда қарап, кезекке қояды. Жер учаскесі уақытша екі жылға беріледі. Осы аралықта учаскеде үй салынуы керек. Үйдің қабылдау актісі шыққан соң комиссия қарауынан өтіп, жекеменшікке рәсімделеді.
Гүлжан ЖҰМАШ