Оңтүстіктің жүргізушілері 11 миллион теңге айыппұл төледі

639
"КРИС" П" қондырғысы

11 миллион теңге! Небәрі 30 күннің ішінде жол ережесін бұзған күнгейлік жүргізушілерден осыншама көлемдегі айыппұл өндірілген.

Тәртіп сақшылары қолданысқа енгізген жаңа қондырғы «КРИС П» арқылы күніне кемінде 400-дей құқық бұзушылықты анықтаймыз», — дейді. Жүргізушілерге кесілген айыппұлдың мөлшері де сол мезетте көрсетіледі екен. Таяуда жүгенсіз жүргізушілердің үрейін ұшырған, қазір көпшілік «үш аяқ» деп атап кеткен жаңа заманауи техниканың жұмысымен біз де танысып қайттық.

Бейне-қондырғы әзірге Ташкент тасжолы бойына жайғасқанымен, санаулы сағаттардан соң жылжымалы техника өзге аумаққа көшіріледі. Осылайша барлығы 6 бірдей «КРИС» П» қондырғысы облысымыздағы тиісті жол жиектеріне орнатылып, сәт сайын ереже бұзған көліктердің нөмірін екі жақтан түсіруге кіріскен.

Асқар Жүзжасаров, жол-патрульдік полиция батальонының командирі, полиция подполковнигі: «КРИС П» қондырғысы өзге емес, тек жылдамдықты асырған жүргізушілерді түсіреді. 20 шақырымға дейінгі айыппұл — 10, 40 шақырымнан асқан көлікке — 15, үшінші жағдайда 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады».

«КРИС П» қондырғысы орнатылғалы бері өңірімізде барлығы 8000-ға жуық жүргізушінің ереже бұзғаны тіркелген. Мамандардың мәліметінше, аталған аппарат күндіз ғана емес, түнде де бейнежазбаға түсіреді. Мәлімет сол мезет процессингілік орталыққа жолданады.

 

Алмасхан Тастанбеков, ОҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасының әкімшілік практика бөлімінің бастығы: «Жасыратыны жоқ, күніне орташа есеппен — 400, кей кездері 600-дей құқық бұзушылық анықталуда. Бүгінге дейін жүргізушілерден 11 миллион теңгеден астам айыппұл өндіріліп үлгерді. Дәл осы айыппұлдар бізден бірден «Қазпоштаға» электронды түрде жолданады, тиімділігі де осы — баяғыдай хат жазып, уақыт жоғалтпаймыз. Мекеме әрмен қарай тұрғындардың мекен жайы бойынша жолдап, тиісті төлемді жасатып жатыр».

Айта өтейік, күнгейде жуырда «КРИС П» бейне-қондырғысының саны артпақ. Ал 12 айдың ішінде көлік жүргізушісі жылдамдық жөнінен тағы да құқық бұзса, тиісті айыппұлдың көлемі екі еселенеді.