«Жырға айналған» жерүсті өткелі қашан пайдалануға беріледі

348

Шымкенттегі Темірлан тасжолы, Жаңа шаһар базары маңында жаңа жерүсті өткелі салынады дегенде сол маңда тұратын тұрғындардың қуанышында шек болмады. Себебі, 6 жол айырығы қиылысатын бұл күре жолда көлік апаты жиі болады. Жол бойында мектеп, балабақша мен сауда орындары орналасқанын ескерсек, тұрғындар үшін бұл өткелдің қаншалықты маңызды екенін айтпаса да белгілі.

Естеріңізде болса, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Асылбек Баймұрзаев жаяу жүргіншілерге арналған өткел Темірлан тасжолы мен Мангелдин көшесінің қиылысында бой көтеретінін 2015 жылы мәлімдеген болатын.

«2014 жылы Шымкент қаласында жалпы 3 өткел пайдалануға берілді. Атап айтқанда дендросаябақ пен Көмешбұлақ базарының маңында жерасты, ал 18-шағынауданда жерүсті өткелі ашылды. Биыл Темірлан тасжолы мен Мангелдин көшесінің қиылысында жаңа жерүсті өткелінің құрылысы жүргізілуде. Заманауи үлгіде салынып жатқан бұл нысан келесі жылы қолданысқа беріледі. Мұнда арнайы көтергіш қондырғылар орнатылатын болады» деген еді маман.

2015 ж
2015 ж
2015 ж
2015 ж

Дегенмен, қуаныш ұзаққа созылған жоқ. Қуанбақ түгілі бұл маңдағы тұрғындардан маза қашты. «Мырзахметовтың кезінде басталған, Атамқұлов аяқтай алмаған, Түймебаевтың күші жетпей жатқан бұл деген өткел?» деп шағымданып жатқандар көп. Бірі жолдағы ыңғайсыздықтардан қиналса, енді бірі осы маңдағы саудагерлер қоршау дүңгіршекті жауып, сауда болмай қалды деп отыр. Тағы бірі сауда жасау мүмкін емес, нәжіс исі қолқаны қабады деп шағымдануда.

Жаяу жүргіншілер үшін бұл маңнан түнде өту қорқынышты. Қоршаудың қай жерінен кім шыға қалады, біреу сүйреп кете ме деген күдікпен жүретінен жасырмайды. Тұрғындардың шағымын ескерген қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов 2015 жылы аталған нысанға барып, жағдаймен танысып қайтқан болатын. Сол кезде қҚұрылысты жүргізген «Люкс Строй Сити» ЖШС осында қосымша эскалатор орнатуды өз жауапкершілігіне алған еді.

Ол жоспар бойынша 2015 жылдың қараша айында тапсырамыз деп сендірген. Алайда, баяғы жартас сол жартас. Содан бері қанша уақыт өтсе де өткел әлі пайдалануға берілмеді. Пайдалануға берілмек түгілі құрылыс жұмыстары орнынан қозғалған жоқ еді.

Жақында облыс және қала әкімі осы нысанға тағы барды. Құрылыс жобасымен және жұмыс барысымен танысқан шаһар әкімі Ғабидолла Әбдірахымов бірқатар өзгеріс енгізуді тапсырды. Оған сәйкес енді көпір жобасында поликарбонаттан жасалған шатыр, қимыл мүмкіндігі аз тұрғындарға арналған лифт қойылу тапсырылды. Ал тірек бөліктері кеңейтілетін болды.

«Бұл өзгеріс болашақта көпірге эскалатор орнату үшін енгізілді» дейді қалалық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің жол құрылысы секторының меңгерушісі Ерлан Есіркепов. Алайда содан бері еш өзгерісті байқаған жоқпыз. Тек жақында ғана (2017 жылы) «Отырар» телеарнасы осы мәселені қайта көтерген соң құрылыс жұмыстарына жан біткендей болды.

Олай дейтініміз, құзырлылар көпірдің тапсырылуы белгісіз уақытқа созылғанын айтқанымен, мұндағы темір қоршаулардың жартысы сырылып тасталды.

21,08,2017
21.08.2017

Жаяу жүргіншілер жолақтары төселіп, жүргіншілерге жағдай жасалуда.

21,08,2017
21.08.2017
21,08,2017
21.08.2017

Бұл — Жаңа шаһар базары жақтағы көріністер. Мангельдин көшесі мен Темірлан тасжолы қиылысында да өзгерістер байқалады.

21,08,2017
21.08.2017
21,08,2017
21.08.2017

Мұнда да темір қоршаулар ығыстырылып, жүргіншілер жолағы төселуде. Алайда, Темірлан тасжолындағы (базарға қарама қарсы) құрылыс жұмыстары басталған үшінші нысанда ешқандай ілгерушілік байқалмайды.

Халық тығылысып, дүкен мен қоршаудың арасынан өтуге мәжбүр. 2,5 жыл шыдас берген тұрғындар әлі де жақсылықтан үміттерін үзбей, тағы да шыдауға көніп отыр. Тек соңы жақсылық болса болды дейді.