Шымшаһарда қала күні мерекесі қарсаңында бір күнде 80 жұп некелерін қиған. Ахат бөлімі мамандарының айтуынша, соңғы кезде арнайы датаға сәйкес отбасын заңдастыратындар саны күн санап артуда. Мәселен, күні кеше ғана мерекеге арналған шара аясында Отбасы аллеясында бір емес, бірден 10 жас жұп салтанатты түрде некелерін қидырды.

Нұрсұлтан Оңжігітұлы мен Гүлбану Абдрашиттың махаббат хикаясы осыдан үш жыл бұрын басталған. Колледжде оқып жүрген жас жігіт қызылордалық бойжеткенді бір көргеннен ұнатып қалады. Таныстықтың соңы сезімге ұласып, отбасын құрады. Ал басталған жаңа өмірді заңдастыру дәл қала күніне дөп түскен. Осылайша ел алдында жас жұбайлар заңды құжатқа қол қойды. Алайда жас келін, бұл ерекше жағдайдың жауапкершілік артқанын да мойындайды. Сол үшін қазақи киініп, ақ орамалын тағып, өзгелерге үлгі болуды дұрыс көріпті.

Түрлі ұлт өкілдерінен құралған 10 жас жұбай осылайша бір біріне адал болуға ант берді. Неке куәлігін алып, жүзіктерін тақты. Гүл шоқтары мен сыйлықтар табыс етілді. «Қалыңдықтар шеруіне» қатысқан Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Рашид Аюпов болса,әкімнің арнайы құттықтауын жеткізіп, жас жұбайларға бақытты ғұмыр тіледі.

Осылайша қаламызда заңды түрде отбасын құрғандар бір мезетте онға артты. Ал мамандар да соңғы уақытта отау тіккендер саны артып келе жатқанын растайды. 2017 жылдың 8 айында 4356 жан түтінін түтетіп, жанұялы болған. Алайда сол түтіннің түзу шығуы да қиын болып тұр. Өйткені отбасылық өмірі шайқалып, соңы ажырасып тынған жұбайлар саны да жыл өткен сайын азаяр емес.