Оңтүстік Қазақстан облысында биылғы жылдың соңында 1 жарым млрд астам қаржы игерілмей қалу қауіпі бар. Республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаржыны қалған үш айда толық игеру міндеті Шымкент қаласы әкімдігі мен Ордабасы, Сарыағаш ауданы әкімдіктеріне жүктелді. Егер де тапсырма орындалмаса лауазым иелері қызметінен босатылуы әбден мүмкін. Бұдан бөлек облыс әкімдігінде өткен селекторлық мәжілісте Оңтүстік өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы да талқыланды. Инвестиция тарту, өндіріс, ауыл шаруашылығы саласында жұмысты жандандыру қала, аудан әкімдеріне қатаң тапсырылды.

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен өткен селекторлық мәжілісте 8 айда атқарылған жұмыстар пысықталды. Жиында алғашқы болып «Серпін» әлеуметтік жобасының жүзеге асырылуы жөнінде жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысының есебі тыңдалды. Мектеп түлектерін солтүстік аймақтардағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарына тарту және жұмыспен қамту бағытында Сайрам, Арыс, Түлкібас аудандары әкімдіктерінің көрсеткіштері төмен.Бұл олқылықтарды реттеуге аталған аудан әкімдеріне бір ай мерзім берілді. Сын айтқан басшы жастарға қолдау көрсету бойынша ұсыныстар да жасады.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе оңтүстік өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы. Экономика және жоспарлау басқармасы басшысының есебі бойынша биыл облыстың көрсеткіштері жаман емес. Әрбір сала бойынша ілгерілеушілік бар. Ауыл шаруашылығы саласында 527 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Межеден төмен көрсеткіштердің себебі де белгілі.
Сондай -ақ, мәжілісте сала бойынша бекітілген жоспардың барысы талқыланып, жылдың соңына дейін игерілмей қалады-ау деген қауіпті салалар анықталды.

«Қаржыны игеру мақсатында қала, аудан әкімдерімен бірге облыстық энергетика және ТҮКШ мен құрылыс басқармаларының басшылары білек сыбана жұмысқа кірісуі тиіс»,- деді облыс әкімі. Тапсырманы орындамағандар қызметімен де қоштасуы мүмкін. Алайда былтырғы жылдың бюджетін орындау қорытындысы бойынша жұмыстарында кемшілік жіберген бірде бір әкім жауапқа тартылмай, тек басқарма және бөлім басшылары жазаланған болатын.