Кезінде «Шуақты күндер» кітабымен оқырман жүрегіне жол тапқан Зейнеп Ахметова Оңтүстікке келді. Оны ел-жұрт әуел баста халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының келіні ретінде танығаны белгілі. «Осы өңірдің келіні боламын» деп, ең алдымен орнынан тұрып, көпшілікке ізет көрсетіп, құрмет білдірді. «Атамның арқасында бүгінгі дәрежеге жетіп, ел ішінде еркелеп жүрмін» деген ол, барлық мақтау-мадақтау өзіне емес, батыр атамызға айтылды деп қабылдайтынын жеткізді.

Зейнеп Ахметова: «Мені біраз мақтап жібердіңіздер. Мақтау дегенге адам сеніп қалуы мүмкін. Мақтау деген бірінші кезекте адамды ұялтады, екінші рет сәл ғана ұялтады, ал үшінші рет адамға ұнайды. Төртінші рет айта түссе екен дейсің, ал бесінші рет жаныңа тіпті жағып кетеді. Содан кейін адам үйренеді. Ал, одан кейін біреу мақтау сөз айтпай қойса қалай болатыны белгілі. Сондықтан мақтауға үйренбеу керек. Ал мен қанша мақтаса да қорықпаймын. Неге дейсіздер ғой? Өйткені оның бәрі атаға арналған. Егер атаның келіні болмағанда осынша мақтауды естімес едім. Сондықтан мақтап жатқанда мен ол сөздердің барлығын тек атаға өткізіп жіберемін».

«Ел боламын десең…». Дәл осындай атаумен өткен кездесу облыстық Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығынан бастау алды. Мұнда жиналған жұртшылықпен екі сағат бойына сырласу сағатын өткізген Зейнеп апа әрмен қарай Жастар ресурстық орталығында облыс жастарымен кездесті.
Ұлттық дәстүрімізге қайшы әдеттерді қатаң сынап, жастар тәрбиесіне ерекше көңіл аударатын Зейнеп апа мұнда да жас отбасы, келін, қыз тәрбиесі жайлы сөз қозғады. Айта кетейік, ел анасының ұлағатқа толы ғибратты әңгімелерін тыңдауға келген жастардың қарасы қалың болды.

Жанерке Хумар