Күнгейдің бас театры жаңа маусымын ашты

270

«Көшкін» көне дәуірді дәріптеді. Күнгейдің бас театры — Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры осындай тақырыптағы тарихи қойылыммен 84-ші маусымын ашты. Түрік драматургы Тунджер Джюженоглудың аңыз-оқиғасы қоғам қақтығыстарын арқау еткен.

Аңыз-уақиға бүтін бір тайпаның тарихын тарқатады. Елге қара бұлт төніп, тұрғындардың тұрмысы құлдырады. Дәлірегі, жұртшылықты таудың құлама беткейімен төменге аса жылдамдықпен жүйткитін қар еріндісі — көшкін басады.

Табиғаттың тосын мінезінен аман қалған ағайын абдырап қалды. Әйткенмен ауыл ақсақалдары ақылға кеп, азды-көпті жамағатты жұмыр елге айналдырды. Салты мен санасы көне дәуірдің көзіндей сақталған. Бұл жағдай көпшілікті, әсіресе, жастарды сарсаңға салды. Қоғам қысымына тап болған келіннің рөлін театрдың тәжірибелі әртісі Гүлбану Маханова сомдады.

Академиялық қазақ драма театры түрік драматургі Тунджер Джюдженоглудың «Көшкін» психологиялық спектаклінің премьерасын өткен 83-маусымда ұсынған. Қоюшы режиссері — Асқар Алтынбеков. Шығармашылық топтың айтуынша, «қара шаңырақтың» сахнасында жұртшылыққа қайта жол тартқан қойылымға театр жылдар бойы тер төккен.

Айта өтейік, бүгінде 84 жылдық тарихы бар театрда 146 адам қызмет етеді. Оның 50-і – шығармашылық ұжым. Ал айтулы психологиялық еңбекке өнер ұжымының 20 әртісі жұмылдырылып отыр.