Күнгейліктер Астанада Құрбан айты құрметіне дастархан жайды

412

Астана төрінде өтіп жатқан Оңтүстік Қазақстан облысының күндері аясында көптеген игі шаралар ұйымдастырылуда. Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні Елордадағы «Қазанат» атшабарындағы этноауылда xалыққа дастархан жайылды. Осылайша Оңтүстіктің қонақжай көңілін, дархан пейілін паш етті.

Қонақтарға 200 келі палау таратылды. Құрбан айт мерекесінің құрметіне ірі қара мен екі қой құрбандыққа шалынып, 1 тонна бауырсақ пісірілді. Бұдан өзге де тәтті, дәмге толы дастарханнан 2 мыңға жуық адам ауыз тиді.

Күнгейдің мақтаулы дәмінің бәрі де елордалықтар мен қонақтарға сый ретінде таратылды. Этноауылға ағылған ағайынға жергілікті дихандар баптап өсірген өнімдерін тарту етті. Оның ішінде дәмі балдай жеміс –жидектер мен қауын-қарбызы да бар.

Аталған дәмнің бәрі де тегін үлестірілді. Ал таулы аудан Төлебидің мақтаулы қымызынан да, Отырар ауданынан апарылған шұбатынан да астаналықтар дәм татты.

Ұлысымыздың ұйытқысы болған оңтүстік осылайша Астана төрінде айтулы шара ұйымдастырды. Қыркүйектің 3-не дейін жалғасатын шарада әлі де күнгейдің таңқалдырар кереметтері көп.