Шымкентте Көкбұлақ шағынауданындағы 16 үйдің тұрғыны сүрілетін баспаналарына берілетін өтемақыға қолы жетпей отыр. Айтуларынша, сот шешімімен бұзылатын үйлерге әкімдіктегілер «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры арқылы өтемақы төлейміз деп уәде еткен. Алайда жарты жылда баспаналы боласыздар деп сендірген жергілікті билік өкілдерінің сөзі құрғақ күйінде қалып отыр.
Көкбұлақтықтардың осыған дейін сот шешімімен келіспей шу шығарғаны есте. Алайда, көпшілік қазір баспана нарқына келісіп отыр. Бірақ өтемақының төленуі созбалаңға салынды деп налиды.
Сот шешімімен баспаналары сүрілетін тұрғындарға жер телімдері берілген. Үйдің нарқы да нақтыланған. Алайда тұрғындар бұл сомалар биыл әжептеуір қаражат болғанымен, келер жылы құнсыздана ма деп қауіптенеді.
Билік нарқы белгіленген 16 үйге қатысты 75 млн 560 мың теңгеге дайындалған құжат «Самұрық-Қазынаға» қолма-қол тапсырылғанын айтты. Бұл жұмыстарға жауапты қала әкімінің орынбасары тұрғындар алдында үй-жайлы болғанша сүрілу болмайды деп уәдесін берген.
Нұрлан Тілеш, Шымкент қаласы Абай ауданы әкімінің орынбасары: «Қыркүйек айының аяғына алсаңыздар, сіздер басқа жерге барып орныға алмайсыздар, үй сала алмайсыздар. Қазір күн суытып қалды. Сондықтан сіздерді келер жылы баспана салып, жайғасып алғанша, біз тиіспейміз деп Көшеров уәде берді»,- деді.
Ашуға булыққан ағайын жергілікті атқамінерлерге «уәде орындалмаса, жолды жабамыз» деп есекертті. Алайда, әкімдік өкілі мәселені ушықтырмауға сендіріп, жұртшылықты сабырға шақырды.