Кентаулықтар күй төгілтіп, ән шалқытты

330

«Туған жер — алтын бесігім». Күнгейде осылай аталған өнер фестивалі жалғасып жатыр. Кезек кенді қала — Кентауға да келді. Қарт Қаратаудың етегінде жайғасқан өлкенің өнері мен мәдениет саласындағы жетістігі жетерлік.

Ғасырлар үні, қарт Қаратаудағы уақиға -аңыздар, көшпелі халықтың тұрмыс-тіршілігі. Тарихтың қойнау-қоржынын көпшілік Кентаудың ұсынған кезекті көрмесінен көре алды.

Кентаулық Елдос Ыдырыс — қолөнер шебері, көбіне ұлттық нақыштағы дүниелерді қайталанғысыз үлгіде құнттап-дайындайды. Халық қазынасына деген риясыз құрметін осылай он саусағының құдіретімен жеткізетін өнер иесі жуырда жаңа бір құндылықты жасап, күнгейліктерге қуана таныстырды.

Өнер байқауынан кентаулықтардың жас пен жасамысы да шет қалған жоқ. Дәстүрлі ән -жырдан шашу шашып, көпке рухани тарту жасады. Қарт Қаратаудың етегіндегі елдің өткені мен сол Кенді қаланың қазіргі тынысы да қойылым арқылы ұсынылды.

Ақнұр Байболова, Кентау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы: «Қаламызда 1 мәдениет сарайы, 4 ауылдық клуб бар. Театрымыз жоқ. Соған қарамастан, барлық күшімізді қарапайым өнерпаздармен, мысалға белгілі бір жерде жұмыс жасайтын, өнерге құмар азаматтарды сахнаға шығарып отырмыз», — дейді.

Мәдени бастамадан Сейдолла Бәйтерековтың мектеп ұжымы да шет қалмады. Өнерпаздар қара домбырасын қолтықтап келіпті. Осылайша Шәмші әлемі гүлзарында күй төгіліп, ән шалқыды. Ал қатысушы тараптың қабілет-дарынын 11 адамнан құралған қазылар алқасы бағалап отырды.

«Туған жер — алтын бесігім» атты облыстық фестивальге кеншілер өлкесінің 500-ге жуық өнерпазы жұмылдырылыпты. Айта өтейік, айтулы мәдени шарада әлі 5 аудан өнер көрсетеді. Ал сайыс қараша айында мәресіне жетіп, жеңімпаз ұжымға дәстүр бойынша, автокөліктің кілті табысталмақ.