Оңтүстіктегі ең жас әкім - Отырар ауданында

Республика көлемінде 7-24 тамыз аралығында ауыл әкімдерінің сайлауы өткені белгілі. Қазір сол әкімдер қызметіне кіріскен. Сайлау туралы заңға сәйкес, лауазым иелері арнайы тексерудің қорытындысы шыққанша ауыл әкімі міндетін уақытша атқарады. Осы орайда Оңтүстіктегі ең жас ауыл әкімі – 25-те. Отырар ауданындағы Жаңа Шілік ауылды округі әкімінің міндетін атқарып жатқан Жансұлтан Сейтжановтың өзі туып-өскен ауылды өркендетудегі жоспарларымен танысқан болатынбыз.

Отырар ауданына қарасты Шілік ауыл округінде бүгінде 2500-ден астам халық тұрады. 16 тамызда аудан орталығында ауыл әкімдерінің сайлауы өтіп, аудан мәслихатының депутаттары өз таңдауын жасаған еді. Шілік ауыл округі әкімі лауазымына алдымен 3 адам үміткер ретінде тіркелген болса, бірі дода барысында өз кандидатурасын алып, қалған екеуінің арасынан 14 халық қалаулысы осы ауылда туып-өскен Жансұлтан Сейітжановты бірауыздан сайлапты. Ауылдағы ағайын да жерлестері ауыл әкімі міндетін абыроймен орындайтынына және мәселелерді көпшілікпен бірге шешетініне сенімді.

Жаңа қызметіне кіріскеніне бір ай да болмаған Жансұлтан Сейітжанов ауылдың тыныс-тіршілігіне қанық. Өйткені жас шенеунік осы ауылда туып-өскен. Бірінші кезекте шешілетін өзекті мәселелерді ауылдың даму жоспарына енгізіп те қойыпты.

Оңтүстіктегі ең жас әкім - Отырар ауданында

Жансұлтан Сейітжанов, Жаңа Шілік ауыл округінің әкімінің міндетін атқарушы: «Ең басты мәселе – бұл ауыл округінде ауыз су мәселесі қиын. Сондықтан су құбырларын жаңартудамыз.»

Бүгінде ауылдағы тұрғындардың жағдайы қалалықтардан кем емес. Көшелер тегіс, жарықтандырылған, бос уақытты өткізуге де жағдай жасалған. Демалыс орындарын көріктендіруге де басымдық жасаймын дейді жас әкім. Бұл уәденің бос еместігін Жансұлтанды оқытқан Мұхтар Шаханов атындағы жалпы орта мектептің ұстаздары растап отыр.

Рахима Орынбасар, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі: «Жансұлтан жақсы оқушы болды. Мен сынып жетекшісі де болдым Жансұлтанға. Сабағы жақсы, пайымды оқушы болды. Сосын тіл алғыш. Бүкіл халық сенім артып, осындай қызметке қойып отыр. Әлде де жоғары белестерден көріне берсін. Тек жақсылық тілейміз!»

Дәулет Оспанов, мектеп директорының ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары: «Адамгершілігі жағынан былай қарап тұрсам, көп адам кейде қолына ақша біткен кезде әр түрлі жағдайларға түсіп, өзгеріп жатады. Менің бір байқағаным – Жансұлтанда қанда жақсы нәрселер болып тұрса да өзінің қарапайымдылығын, байсалдылығын жоғалтпай, өз арамызда қарапайым адам болып, ағаға іні болып, ініге аға болып жүрген жағдайы бар.»

Педагогтардың айтуынша, рухани жаңғыру дегеніміз – жаңаша өмір сүру. Заман жігерлі, қайратты, отаншыл белсенділердің қолында. Жастарға жауапкершілік артып, баршамыз қолдау көрсетсек, олардың алар белесі биік болмақ.