Сарыағаштық өнер керуені Шымкентте

357

«Туған жер – алтын бесігім» атты облыстық өнер фестивалі жалғасып жатыр. Облыс орталығында бұл жолы Сарыағаш ауданының өнерпаздары мәдени күнін өткізді. Сарыағаштықтардың сәлемі Облыстық «Отырар» кітапханасында бастау алды. Кітапханаға жиналған қауым ең әуелі «Суы шипа, жемісі бал, құтты мекен – Сарыағаш» атты кітап көрмесінің тұсауы кесер рәсіміне қатысты.

Мұнда Сарыағаштан шыққан ақын-жазушылардың 200-ге жуық кітаптары қойылған. Іс-шара әрмен қарай Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мұрат Бекейдің шығармашылық кешімен жалғасын тапты. Қаламгермен кездесуге келген көпшіліктің қарасы қалың. Келелі жиында түрлі тақырыптар талқыланып, ақын оқырмандармен әңгіме өрбітті.

Сарыағаштың мәдени күні аясында болған іс-шаралар Наурыз алаңындағы гала- концертпен аяқталды. Байқағанымыздай концертке қатысушылардың басым бөлігі жастар. Мұның себебін ұйымдастырушылар «Рухани жаңғыру барысында жастардың еңбегін көрсетуді жөн көрдік», — деп түсіндірді.

Сарыағаштық өнерпаздар жоғары деңгейде өнер көрсетті. Осылайша бір күн бойына облыс орталығына қуаныш сыйлаған мекеннің мәдени күні өз деңгейінде аталып өтілді.