Қошқарата өзені бойындағы көше тұрғындары журналистерден мәселені билік назарына жеткізуді сұрап отыр. Олар кімге сенерімізді білмейміз деп ызалануда. Көшеге жиналған жұрт, талаптары орындалмаса, тұрғылықты жерінен кетпейміз деп бекініп отыр.
Қошқарата бойында орналасқан көше тұрғындарынан маза қашқалы қашан. Олар алдағы қыс маусымына қалай қамдануды білмей дал. Негізі, ескі қаладағы үйлер сүріледі деген хабардың тарағанына бірнеше жыл болды. Алайда, оның нақты қашан іске асатынын ешкім дөп басып айтпайды.
Баспаналарының қай күні сүрілетінін біле алмаған тұрғындардың көкейінде сауал көп. Жауап жоқ. Нәтижесінде, далада қаламыз ба деп қорқады. Өйткені, сүрілетін үйлерді бағалау жұмыстары басталып кеткен. Тәуелсіз сарапшылардың қойған бағасы баспана нарығындағы бағадан әлдеқайда төмен. Мәселенің бірі осы.
Лейла Мирзаева, қала тұрғыны: «23 жылдан бері осы жерде тұрамын. Үйімді сатып алған кезде қам қыштан соғылған, ескі үй еді. Кейін үйді бұзып тастап, орнына күйдірілген кірпіштен зәулім үй тұрғыздым. Қазіргі нарық бағасымен менің жаңа баспанам шамамен 40-50 миллион теңгедей болады. Ал әкімдіктегілер менің үлкен үйімді небәрі 9 миллионға бағалап отыр. Ол ақшаға мен дәл қазіргі уақытта кепе тамда ала алмаймын. Егер нарықтық бағаны бермейді екен, біз ешқайда да көшпейміз», — дейді.
Мұнда тозығы жеткен үйлер де бар. Оның иелері мұнда жаңа үйлердің салынғанын қалайды. Және сол көпқабатты тұрғын үйлерден пәтер берсе деген үміті барын да жасырмайды. Алайда, биліктегілер «тұрғындарға ұсынатын баспанамыз жоқ» деп отыр. Бар айтары — тұрғындарға өзара бір мәмілеге келуді ұсынуда.
Қасымбек Сайлауов, Шымкент қаласы Жер қатынастары бөлімінің басшысы: «Ең алдымен үйлердің бағалау жұмыстарын жүргіземіз. Әлі толық біткен жоқ. Әрине, бір бағамен қатып қалмайды. Әрбір тұрғынмен жеке сөйлесіп, егер олар келіспесе немесе бағалау кезінде қандай да ескерілмей кеткен жағдайлар болса, барлық мәселені тұрғындармен бірігіп шешеміз».
Бұл жолғы кездесуде де басы ашылмаған мәселе көп болды. Тұрғындар түйіні күрделі мәселенің оң шешімін тек шаһар басшысынан күтеді. Жер қатынастары бөліміндегілер болса, ресми мағлұматты беріп әлек. Айтуларынша, қаланың бас жоспарына сәйкес, алдағы екі жыл ішінде жалпы ауданы 29 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс. Жоспар бекітіліп те қойған. Ол бойынша, 634 үй сүріліп, орнына көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік маңызы бар нысандар тұрғызылмақ.
Гүлжан Байназарова