Жылуға миллиардтап қарызбыз…

272
Жылу бірінші кезекте аурухана, мектеп, балабақшаларға берілді.

Қазақстанда қысқа толық дайын емес бірнеше өңір қалды. Олардың арасында Оңтүстік те бар. Жаз бітсе де қыстың қамын ойламаған Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау мен Оңтүстік Қазақстанда жөндеу жұмыстары әлі аяқталмаған. Оның үстіне тұтынушылардың қарызы шаш етектен екен. Осылайша Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау мен Оңтүстік Қазақстан облыстары «қара тізімге» ілініп отыр. Осы аймақтың тұрғындары күз келсе жылусыз қалуы ғажап емес. Жауаптылар күз басталса да жылу маусымына дайын болмай шықты. Мысалы, Оңтүстікте коммуналды салада 3 млрд 702 млн теңге қарыз бар.

Шымкенттегі көпқабатты үйлер мен бюджет мекемелері, коммерциялық нысандарды жылумен қамтитын «Қуат жылу орталығы-3» ЖШС мердігерлермен бірге магистралды және орамішілік жылу жүйелерін жаңалауға кірісіпті. Мамандардың айтуынша, 8-шағынауданында бүгін бастаған жұмыстар жоспармен атқарылуда.

Тозығы жеткен құбырларды алмастыру жұмысына тартылған мердігер компания жұмыс барысында құбырды толық оқшаулаулаймыз деп отыр.

Соңғы екі жылда Шымкенттегі көпқабатты үйлердің басым бөлігінде жертөле, пәтерлердегі ескірген жылу жүйесін алмастырған тұтынушылар сапалы жылуға қол жеткізіп, марқайып қалған еді. Алайда сол жылдары мардымсыз жылудан тоңғандардың арасында дербес жылу жүйесіне көшкендері де аз емес.

Жылуға жарымағандар тұтынған жылуға төлем жасамай, қарыздың көлемін ұлғайтуда. Берешектердің өтелуі және алдағы жылу маусымына дайындық барысы жақында өткен үкімет отырысында талқыланған болатын.

Қала әкімдігі мен Қуат жылу орталығы-3 мекемесінің басшылығы миллиардтаған қарызды айдың соңына дейін өтейміз деп уәде берді. Үйреншікті жәйт, былтыр да осы уақытта берешекті толық жинап аламыз деген еді жылу берушілер. Алайда жылдан жылға азаяр ма деген қарыздың көлемі артып келе ме? Толығырақ екі жетіден кейін жылу берушілер өткізетін брифингте мәлім болмақ.