Құс етімен толық қамтуға қауқарлы

454

Төле би ауданында құс фермасының құрылысы аяқталуға жақын. Жыл аяғына дейін іске қосылатын нысанда жылына 200 тоннаға дейін құс еті өндіріледі. Құс фермасының ғимаратына жаңа құрал-жабдықтар әкелінді. 20 мүшенің басын қосатын ауылшаруашылығы кооперативі бұйыртса жүзге жуық адамды жұмыспен қамтиды.

Екі жарым гектарды алып жатқан құс фермасының қазір инфрақұрылымы жасақталуда. Нысанды газ, су, жарықпен қамту үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл бағыттағы шаруалар толықтай аяқталмаса да жергілікті билік өкілдері нысанды тілшілерге көрсетуге асыққандай. Іске қосылмаған жобаны жарнамалап, елден сүйінші сұраған атқамінерлер жыл аяғына дейін фермалар толықтай іске кіріседі деп уәде берді.

Айта кетейік, өңір басшысы Жансейіт Түймебаев үстіміздегі жылдың наурыз айында құс фермасының құрылысымен танысып шыққан болатын. Облыс әкімі жобаның іргетасына алғашқы капсуланы салғаны есте.

Мұндағы су жаңа құрал-жабдық толықтай автоматтандырылған. Шаруалардың кооперативке бірігуінің арқасында мұны сатып алуға кеткен шығынның 50 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланып отыр.

Жоба толықтай іске қосылғанда жылына 200 тоннаға жуық құс етін өндіреміз деп құлшынып отырған шаруалар тауарларын «Шымкент құс» кәсіпорнына өткізеді. Құстар 35-40 күн бағылады. Шаруалар жылына 6 айналымда жұмыс істейді дейді мамандар. Айта кетейік, құс етіне деген сұраныстың жылдан жылға артып отырғаны байқалады. Бүгінде облыста 2,5 млн. тонна құс еті өндіріледі.

Оның 50 пайызы жеке және қосалқы шаруашылықтардың еншісінде. Оңтүстік өңірі өз-өзін құс етімен 70 пайыз, ал жұмыртқамен 75 пайыз қамтуға қауқарлы екен. Сондықтан біріккен кәсіпорындар алдында құс шаруашылығын да дамытып, өнім көлемін арттыру мақсаты тұр.