Облыс әкімі «Қарттар күнін» Оңтүстік өңірінде бір күн емес, бір ай атап өтуді ұйғарған болатын. Осыған орай облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Шымкентте «Ұл Тағдыры-ұрпақ тәрбиесі» тақырыбында кеңейтілген жиын өтті. Елді ауызбіршілікке шақырған аға буын өкілдері бұл жолы мемлекеттің негізі отбасындағы тәрбие, рухани жаңғыру, латын әліпбиіне көшу сияқты қоғамда қызу талыға түскен өзекті мәселелер бойынша ой-пікірлерімен бөлісті.

Оңтүстік зиялыларының жерлестеріне айтар назы бар. Елбасының «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу- шынайы партиотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деген сөзін алға тартқан ағалар, отбасындағы тәрбиені қатаңдатуды ұсынды. Үйдегі берілген тәрбие, қоғаммен тығыз қарым-қатынаста болуға үйрету керек. Сонда ғана отбасы құндылықтарын сақтайтын, елін сүйетін ұрпақ өседі деп отыр.

«Ұлт тағдыры-ұрпақ тәрбиесі» тақырыбының өзектілігі талқыланған жиында қоғамдағы күрделіктер көптеп көтерілді. Бүгінгінің ащы шындығы айтылып, «тасжүрек бала қайдан шықты?» деген сауалға жауап ізделді. Республикалық ардагерлер ұйымының орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары оңтүстікте әлі де есті ұрпақ тәрбиеленетінін тілге тиек етті. Иманды ұл, инабатты қыз ертең ешкімді жерге қаратпасы айтылды.

ҚР ардагерлер ұйымының орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ: «Жасыратыны жоқ, күніне тіркелетін некенің тең жартысы қайта бұзылады. Жас отбасы шаңырағының шайқалуына не себеп? Оларға тоқтау болмаса, демография өспей қалу қаупі бар»,- деді.

Ардагерлердің қолдауын қажет ететін тағы бір өзекті мәселе латын әліпбиіне көшу. Жиынға қатысқан зиялылар бұл Қазақстанның болашаққа қадамы және әлемдегі жаңашылдықты өзге елдер қатарлы меңгеруге үлкен мүкіндік дейді.

Жиында айтылған ұшқыр ой-пікірлерге қаныққан бастауыш ардагерлер ұйымдарының өкілдері үлгі тұтар игі бастамаларды қала, аудандағы ағайындарға жеткізіп, халық арасында насихат жұмыстарын жүргізетін болды. Ел ағаларымен бірге әжелер алқасы да өскелең ұрпақтың тәрбиесіне араласып, қоғамның саналы азаматтарының қатарын толықтыру бағытында нәтижелі жұмыстарын жалғастырады.