Қазақстан табиғи газын Қытайға экспорттауды бастады. Екі ел арасында бір жыл ішінде 5 млрд шаршы метр табиғи газ жеткізу жөнінде келісім-шартқа қол қойылды. Күні кеше көгілдір отынның алғашқы партиясы салтанатты жағдайда жіберілді. Оны онлайн-режимде энергетика министрі Қанат Бозымбаев пен «Қазмұнайгаз» АҚ ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев қадағалады.
Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Сайрам ауданындағы «Ақбұлақ» газ өлшеу стансасы арқылы табиғат байлығының алғашқы партиясы жіберілді. Мамандардың айтуынша, қоры мол көгілдір отын осылайша аспан асты еліне экспорттала бастады. Әрі Орталық Азиядағы ең ірі жобалардың бірі болып табылады. Бейнеу-Бозой-Шымкент газ құбыры Түркіменстаннан басталып Өзбекстан арқылы өтетін Орталық Азия-Қытай трансұлттық газ құбырына қосылып отыр.
Мұқатай Шаңбатыров, «Интергаз Орталық Азия» АҚ бас директорының бірінші орынбасары: «Мұнай-газ өнеркәсібіне үлесі өте жоғары. Газды Қытайға айдау үшін «Казтрансгаз» АҚ көптеген жұмыстар жасады. Түркісменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай трансұлттық газ құбырын бітірді. Екінші газ құбыры — Бейнеу-Бозой-Шымкент құбырын аяқтады. Ұзындығы — 1 500 шақырым.»
Аталған «Ақбұлақ» газ өлшеу станциясы Батыс Қазақстандағы табиғат байлығын аспан асты еліне бағыттап отыратын болады. Ал көгілдір отынды Қытай тарабы «Қорғас» бекеті арқылы қабылдап алмақ. Ол үшін арнайы «ҚазТрансГаз» АҚ мен «Петро Чайна Интернэшнл» компаниясы арасында табиғи газды сату-сатып алу жөніндегі келісім-шартқа қол қойылған.
Рустам Камалходжаев, жүйелік өндірістік басқарма басшысы: «Қазір сағатына 700 мың текше метр жіберіп жатырмыз. Қытай тарабына 3 құбыр арқылы газ беруге толық мүмкіндігіміз бар. Дәл қазіргі уақытта 1 желі арқылы жұмыс істеп жатырмыз.»
Қазақстандағы табиғи газ тасымалдаудың экспорттық бағыты 3 мың шақырымды құрайды. Осы бағытта 10 сорғы станциясы жұмыс істемек. Дәл бүгінгі күні газдың құлағын ұстап отырған алпауыт «ҚазТрансГаз» мекемесі 10 млрд текше метрге дейін газ шығара алатындай жетістікке жеткендерін мақтанышпен айтып отыр. Аспан асты еліне экспортталатын газдың көлемі де аз емес. Бұл өз кезегінде экспорттық бағыттағы ірі жетістік болып саналады.