2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде атаулы әлеуметтік көмектің жаңа сипаты енгізіледі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Үкіметтің кезекті отырысында хабарлады.
Біріншіден, бүгінде көпбалалы аз қамтылған отбасыларға берілетін жәрдемақының 3 түрі, атап айтқанда:
Арнайы мемлекеттік жәрдемақы,
Балалар жәрдемақысы,
Атаулы әлеуметтік көмек енді бірыңғай жәрдемақы түрінде берілмек.
Бұл орайда, оның мөлшері қазіргі үш түрлі төлемнің жалпы сомасынан жоғары болады. Екіншіден, атаулы әлеуметтік көмекке қосымша еңбекке қабілетті әр азаматқа кейіннен жұмысқа орналастыра отырып, оқуы және кәсіп алуы, жеке ісін ашуы және оны жүзеге асыруы үшін шағын несие беру арқылы мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Үшіншіден, қиын өмірлік жағдайда жүрген отбасы мүшелеріне мемлекет кепілдік берген арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілмек.
Осы ретте, бүгінгі таңда жаңа жергілікті мамандар қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарында оқытылуда. Айта кету керек, 2014 жылдан бері еліміздің барлық өңірінде «Өрлеу» жобасы немесе жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмектің нұсқасы пилоттық тәртіпте енгізілді. Тек биылдың өзінде елімізде «Өрлеу» жобасына шамамен 161 мыңдай адам қатысты.
Жоспар бойынша, келер жылы мемлекеттен 350 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек алатын болады (бүгінде жәрдемақының 3 түрін алатындардың жалпы саны). Атаулы әлеуметтік көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында қызметті «бір терезе» ұстанымымен «Жұмыспен қамту» орталықтарында көрсету көзделіп отыр. Енді жерде азаматтар қазіргідей 3 жерге емес, құжаттардың бір пакетін жинап, бір ғана мекемеге жүгінбек. Көмекті алу үшін қалада – Жұмыспен қамту орталығына, ал ауылдық елдімекендерде – ауылдық округ әкімдеріне бару қажет.
Анықтама:
2017 жылы 1015 азаматқа 23118,0 мың теңге мөлшеріндегі атаулы әлеуметтік көмек, 18 жасқа дейінгі 232251 балаға 3843634,6 мың теңге көлемінде жәрдемақы, 4757 отбасыға 159963,1 мың теңге көлемінде тұрғын үй көмегі тағайындалған.