Ан-28 апатына қатысты тексеріс жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Алматы облысындағы ұшақ апатына қатысты тексеріс жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов телефон арқылы соңғы мәліметтермен бөлісті.
Руслан Иманқұлов, ҚР ІІМ ТЖК ресми өкілі: «Күні күше апатқа ұшырған Ан-28 ұшағы қалдықтарының өрті кешкі 8-ден 20 минут өткенде ауыздықталды. Ал 8-ден 25 минут кеткенде қызыл жалын толықтай өшірілді. Бұл жұмыстарға Алматы облысы өрт сөндіру қызметінің 15 маманы және 3 техникасы жұмылдырылды. Өкінішке қарай, құтқарушылар оқиға орнына жеткенше ұшақтағы жолаушылар көз жұмды. Бұл жерде жолдың ұзақтығын да айта кету керек. Қазір авиация саласының құзырлы мекемелері төтенше жағдайға қатысты тексеріс жүргізіп, оның себебін анықтау үшін жұмыс жасап жатыр».
Осы кезде, Санавиация ұшып бармақшы болған әйел жасанды тыныс алдыру аппаратымен жатыр. Бұл туралы Шымкенттегі облыстық аурухананың жансақтау бөлімінің меңгерушісі Вячеслав Цай хабарлады. Әйел босанған соң Түркістаннан Шымкент ауруханасына 2 қазанда түскен. Сәбиін 16 қыркүйекте босанған. Бірақ осы уақыт бойы түркістандық дәрігерлер оның өмірін аман алып қалу үшін әрекет етіп келген. Облыстық аурухананың жансақтау бөлімінің меңгерушісі Вячеслав Цайдың айтуынша, әйел оларға өте ауыр жағдайда келіп түскен.
Вячеслав Цай, облыстық аурухананың жансақтау бөлімінің меңгерушісі: «Республикалық деңгейдегі дәрігерлерді шақыру — тәжірибеде бар іс, мұндай жағдай науқас ауыр жағдайда жатқанда сала мамандарының кеңесі қажет болғанда жасалады. Мұндай жағдайларда уақыт факторы аса маңызды. Қазір біз республикалық санавиациямен келіссөздер жүргізіп жатырмыз және олар борт тағы да ұшып келе ме, ұшып келсе қайдан келетінін анықтап жатырмыз»,
Осыған дейін әуе апатынан қазақстандық белгілі дәрігер-профессорлардың қаза тапқаны туралы хабарланған болатынбыз. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 3 қазанда кешкі уақытта Алматыдан Шымкентке дәрігерлер бригадасы ауыр жағдайда жатқан жүкті әйелге көмектесу үшін аттанған. Еске салайық, 3 қазанда East Wing әуекомпаниясының АН-28 ұшағы ұшып шыққаннан кейін 12 минут өткенде радардан жоғалып кеткен еді. Кейін ұшақ Алматы түбінде өртеніп жатқан жерінен табылған. Бортта болған бес адам қаза тапқан.