Бүгін Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотында жалған кәсіпкерлікпен айналысқан қылмыстық топқа қатысты сот үкімі оқылды. Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері салықтан жалтару мақсатында 16 жалған ЖШС ашып, 36 млрд теңге жымқырған деп айыпталуда. Жеті адамнан тұратын қылмыстық топ мүшелері сот үкімімен алты жарым жылдан бастап он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. ҚПК-тің 262 ші, 245 ші, 218 ші, 238 және 240 – шы баптары бойынша айыпты боп танылып отыр.

Жеті адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топ жалған кәсіпкерлікпен айналысқан. Салықтан жалтарған. Мемлекет қазынасына құйылар 36 млрд. теңгені қалтаға басқан. Дәл осындай айыптаулармен 44 қылмыстық іс қозғалған. Қаржылық құйтырқыларды облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеу басқармасының қызметкерлері әшкерелеген.

Ұйымдасқан қылмыстық топ 2010 жылдан бастап жалған кәсіпкерлікпен айналысып, жеңіл ақшамен қалталарын қалыңдатып отырған. Мүмкіндігі шектеулі немесе ауыр науқас адамдардың атына жалған ЖШС ашып, салықтан жалтарудың жолын тапқан. Дегенмен көп асқанға бір тосқан. Жеті адамнан тұратын қылмыстық топтың басты кейіпкеріне бүгін 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Айта кетейік, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Сотталушы тарап сот үкіміне шағым келтіруге құқылы.