«Қадірлейік қарттарды». Халықаралық қарттар күнін шымкенттіктер де дүбірлетіп атап өтті. Күні кеше Орталық саябаққа жиналған егде тұрғындарды облыс әкімі Жансейіт Түймебаев құттықтады. Бұл күні қариялар денсаулықтарын жақсарту үшін арнайы медициналық тексерулерден өтуге де мүмкіндік алды.

Ал «Алтын жас» акциясы аясында дәрігерлер егде кісілерді тегін диагностикалық тексеруден өткізіп, профилактикалық шаралар жүргізді. Қала тұрғыны Күлайхан Маймақова таңертеңнен келіп, барлық медициналық тексерулерлерден өтіп шықты. Терапевт, эндокринолог дәрігерлерге қаралып, кеңестер алды.

Бұл күні өңір басшысы облыстық ардегерлер кеңесіне арнайы ат басын бұрды. Күнгейдің дамуына зор үлес қосқан ел ағалары Еркінбек Тұрысов пен Шерім Медеуовті арнайы құттықтап, алғысын білдірді. Сый-сыяпат табыстап, құрметке лайық жандардың мерейін асырды.

Мерекелік шара Шымкенттегі №5 арнаулы әлеуметтік орталықта жалғасты. Онда мекемеде әлеуметтік қызмет алып жатқан 250-дей қартқа арналып кең дастархан жайылды. Сала басшысы бастаған атқамінерлер қазыналы қарияларды құттықтап, сый-құрмет көрсетті. Концерттік бағдарламаға ұласқан бұл кеш ата-әжейлерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Жергілікті өнерпаздар алдыңғы буын өкілдерінің көңілін аулап, әуезді әннен шашу шашты.

Айта кетейік, бүгінде облыста 200 мыңнан аса зейнеткер тұрады. Оның 218-і — Ұлы Отан соғысының ардагері, 600-ге жуығы — жасы 100-ден асқан ата-әжелер мен 80-нен астамы — жалғызілікті қариялар.

Ардагерлер үйінде ем-дом алып жатқан 200-ге жуық қария да назардан тыс қалмады. Арнайы ұйымдастырылған Мерекелік көңілді кештен қариялар әдемі әсер алып, бір серпіліп қалды. Әжелерге ақ жаулық, аталарға ұлттық бас киім үлестірген ұжымға ақ баталарын берді.

Қуантарлығы сол, қарттарға деген қамқорлық жылдан жылға артып келеді дейді саладағылар Айта өтейік, бір ғана«Қамқорлық» акциясы шеңберінде биылдың өзінде 72 мыңнан астам ардагерге түрлі әлеуметтік көмектер көрсетілді. Ал азаматтарды сауықтыруда облыс орталығындағы «Ардагерлер үйі» мен «Мейір» ардагерлер үйінде жылына 8 мыңға жуық адам ем алып, демалады.