Көмір бар жерде, қауіпсіздік шаралары сақталуы шарт. Төтеншеліктер жыл сайын улы газдан мерт болатындардың да қатары артып отырғанын жасырмайды. Бүгін арнайы брифинг өткізіп, жылыту маусымы басталмай жатып, екі оқыс оқиға тіркелгенін мәлімдеді.
Төтеншеліктер дабыл қағады. Жылыту маусымы басталмай жатып, оңтүстікте улы газдан екі адам қаза тапқан. Оның бірі он жастағы жеткіншек, ал екіншсі 34 жастағы азаматша. Жыл басынан бері осыған ұқсас 24 жағдай тіркелген. Салдарынан 46 адам зардап шекті, оның ішінде 11-і қайтыс болды.
Бауыржан Ізбасаров, Өрт қауіпсіздігі саласында бақылау және профилактикалық басқармасы басшысының орынбары: «Улы газдан уланғандардың басым бөлігі ұйқыда болған. Жарамсыз пештерді қолдану, құбырларды өз бетінше қою қауіпті», — дейді.
Ал, суда шомылу маусымын ресми түрде жабық деп жариялаған төтеншіліктер жан түршіктірер сандарды сөйлетті. Айтуларынша, су айдындарында 10 адам қаза болған. Оның ішінде 7-і балалар мен жасөспірімдер. Бұл еңбек демалысы мен жазғы демалыс кезеңінде орын алған екен.
Оқыс оқиғаларды баяндаған төтеншеліктер енді бақылау және түсіндіру жұмыстарын күшейтпек. Нақты айтқанда, жылыту маусымына дайын болыңыз. Сақтық шараларын мамандардың өзі барлық үйге кіріп, тексеріп шықпақ.