Кімге қандай жәрдемақы тиесілі?

1071

Оқырманның сауалына ОҚО бойынша Енбек, әлеуметтік қорғау
және көші-қон департаментінің зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлім басшысы Әнуар Ілеспаев жауап берді.

Сұрақ: Менің 4 балам бар. 2 балам кәмілет жасына толмаған, қалған екеуі ЖОО оқиды. Күйеуім қайтыс болды, мемлекеттен қандай жәрдемақы ала аламын.

Жауап: «Қазақстан Республикасының мүгедектігіне, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша және жасына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы» заңына сәйкес, асыраушысы қайтыс болған отбасының еңбекке жарамсыз, оның асырауында болған кәмілеттік жасқа толмаған балаларына және арнайы немесе жоғары оқу орнындарында, оқу орыны бітіргенге дейін әрі дегенде 23 жасына дейін күндізгі бөлімде оқитын балаларының санына қарай мемлекет тарапынан жәдемақы тағайындалады.
Сіздің 18 жасқа толмаған екі балаңыз бен 18 жастан асқан екі балаңыз жоғары оқу орнында күндізгі бөлімде оқитын болса, онда 4 балаңызға асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алуыңызға болады.

 

Сұрақ: Қазір мен декреттік демалыста үйде отырмын, қызым 5 айлығында тағы бала көтердім.Осындай жағдайда мемлекет тарапынан қандай жәрдемақы төленеді? Тағы декретный алуыма құқығым бар ма? Босанғаннан кейін ай сайынғы жәрдемақы алуыма болады ма?

Жауап: 1. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысына жүктілігіне және босануына байланысты табысынан айрылған жағдайда әлеуметтік төлем алу құқығы жүктілік пен босану бойынша уақытша еңбекке жарамсыздық парағы берілген күннен бастап туындайды.

Жүктілік пен босану бойынша әлеуметтік төлем мөлшерін анықтау үшін әлеуметтік қатер туындаған күнге дейінгі соңғы он екі күнтізбелік ай ішінде түскен әлеуметтік аударымдар сомасы негіз болып табылады.
Сізге, жүктілік пен босану бойынша уақытша еңбекке жарамсыздық парағы берілген күнге дейін жұмыс орнынан он екі күнтізбелік ай ішінде әлеуметтік аударымдар түскен жағдайда жүктілік пен босану бойынша әлеуметтік төлем алуға құқыңыз бар.

2. Ал босанғаннан кейін баланың тууы туралы куәлігінде көрсетілген туған күнінен бастап, ол бір жасқа толған күнді қоса алғандағы мерзімге дейін оның күтіміне байланысты әлеуметтік жәрдемақы тағайындалады.

Бұл орайда, әлеуметтік жәрдемақының ең жоғары мөлшері тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленетін ең төмен жалақының он еселенген мөлшерінің қырық пайызынан аспауға, ал әлеуметтік төлемнің ең төмен мөлшері бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшерінен кем болмауға тиіс.

                                                                                                                                            Айжан Ермекқызы