ОҚО прокуроры түзеу мекемесінің жұмысымен танысты

471

«Түзеу мекемелеріндегі еңбекпен қамту-2017». Бұл бағдарламаның оңтүстіктегі жүзеге асуы қадағалаушы органның басты назарында. ОҚО прокуроры Нұрғалым Әбдіров 167/3 түзеу мекемесінде болып, жазасын өтеушілердің жұмыспен қамтылу деңгейін байқап қайтты. Айта кетейік, статистикалық мәлімет күнгейдегі көрсеткіштің жоғары екенін дәлелдейді. Яғни өңірдеге түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеушілердің 85 пайызы еңбекпен қамтылған.

Интерьеріңізге сән қосар қайықтар, ағаштан көмкерілген кемелер. 167/3 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жүргендердің қолынан шыққан қолөнер туындылары көздің жауын алады. Темір тордың ар жағында құр қарап жатпағандар өздерін кәсіпкер ретінде танытып бағуда.

Ермек Әйтімов, ОҚО прокуратурасының басқарма басшысы: «Бұл мекемеде қазіргі таңда 11 кәсіпкер жұмыс істейді. Жазасын өтеп жүріп өз кәсібін дөңгелете бастағандар десек те болады.»

Колонияда ірілеу кәсіпорын жұмыс істейді. Дәнекерлеу-ұсталық цехы мемлекеттік тапсырыспен тыным таппайды. Мұнда қазір қаруды жоюды іске асыратын сейфтер жасалып жатыр. «Қару» акциясы нәтижесінде азаматтардан жиналған суық қаруды жәшіктерде сақтап, сосын қайта балқытуға жібереді.

Зухриддин Юлдашев, «Еңбек-Шымкент» РМК 31-учаскенің басшысы: «Бұл — ОҚО ІІД-нің тапсырысы. Қару сейфтері. Жігіттер жұмыс жасап жатыр. Басқа да өнімдер жасаймыз. Өнімдер сапалы, сұраныс бар, тапсырыстар түсіп тұрады.»

Ал жеке кәсіпкер Кошиевтің цехында көкөністер консервіленеді. Қызанақ, қырыққабат, қиярдан 10 мың банкі жабылыпты. Болашақта шырын шығару жоспарлануда.

Нүркен Ақылов, жазасын өтеуші: «Біз өзіміз егістікте өсірген өнім. Енді консерві, маринадтар жасаймыз. Соңына дейін дайын өнім жасау — басты мақсат.»

Облыс прокуроры түзеу мекемесіндегі тәуір тірліктерге көңілі толып қайтты. Осылайша еңбекпен қамту бағдарламасының іске асырылуы жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтты. Түзеу мекемелерінде бизнес ашу тиімді. Бұл дайын инфрақұрылым, жалға алу үшін ақы төленбейді, кәсіби мамандар. Күзет те мықты.