Шымкентте естіген адам таңқалатын оқиға болды. Төртінші қабаттан құлаған бір жасар баланы періштесі қағып, аман қалды. Биіктен құласа да баланың еш жері сынбапты. Бір жас жеті айлық балақай қазір облыстық балалар ауруханасындағы хирургия бөлімінде ем қабылдауда.
Облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Болат Нұсқабаевтың айтуынша, оқыс оқиға қаладағы 4-шағынауданда болған. Көп қабатты үйлердің біріндегі терезеден бала абайсыздап құлап кетіпті. Биіктен құлаған баланы тексерген дәрігерлер балақайдың еш жері сынбағанына таңқалып отыр.
Болат Нұсқабаев, облыстық балалар ауруханасының орынбасары: «Төртінші қабаттан құлаған бала 21 қазан күні ауруханаға жеткізілді. Тексеру барысында баланың еш жері сынбағанын анықтадық. Қан кетуіне байланысты ота жасадық. Жансақтау бөлімінен хирургия бөліміне кеше ауыстырылды. Қазір жағдайы бірқалыпты.»