Шымкент қаласына қарасты Рабат тұрғын алабында қаруланған жастар жаппай төбелеске шыққан. Жанжал кезінде жетеуі пышақ жарақатын алып, ауруханаға жедел жәрдеммен жеткізілді. Бейресми мәлімет бойынша жаппай төбелеске шыққан жастар бір ауылдағы көршілес мектептерде білім алған. Екі білім ұясының шәкірттері ауылдың шетіне барып, мәселені суық қару арқылы шешкісі келген секілді. Соның салдарынан жанжал кезінде жетеуі пышақ жарақатын алған.
Сәбит Байбосынов, ШҚЖЖА бөлім меңгерушісі: «27 қазан кешкісін ауруханаға пышақ жарақатын алған жеті жас жеткізілді. Оның үшеуі шұғыл операция залына жеткізіліп, ота жасалды. Ал қалған төртеуіне кішігірім хирургиялық ем жасалып, алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Пышақ жарақатын алған бір жасөспірім әлі жан сақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы ауыр.»
Екі топқа бөлінгендер 18-28 жас аралығындағы жастар екен. Пышақ жарақатын алған жастың біреуі бүгін жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды. Бірақ, бұл азамат жаппай төбелестің шығу себебін тілшілер алдында айтудан бас тартты.