Түркі әлемінің Ынтымақтастық күні аталып өтті

646

Көздің жауын алатын ұлттық костюмдегі өнерпаздар түркі мемлекеттерінен арнайы келген. Олар Түркі әлемінің ынтымақтастық күніне орай Оңтүстік төрінде өткен концертке қатысты. Халықтардың мәдениеті мен өнері паш етілген салтанатты іс-шараны облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков ашып берді.

ОҚО әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков: «Өнерсүйер қауым, және қонақтар, сіздерді қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өлке Оңтүстік өңіріндегі Шырайлы Шымкент қаласында көріп отырғанымызға қуаныштымыз. Облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың атынан баршаңызды Түркі әлемінің ынтымақтастық күні мерекесімен құттықтаймын! «Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» дейді дана халқымыз. Түбі бір түркі халқы болып осы мерекені атап өтіп жатқанымызға қуаныштымын»,- деп жүрекжарды лебізін білдірді.

Түркі тілдес халықтардың ортақ мерекесі қарсаңында өткен концерт қазақтың ұлттық биі «Қаражорғамен» басталды. 2009 жылдан бері аталып өтілетін мерекеде өз елінің мәдениетін таныстыру үшін әр елдің алдыңғы қатарлы өнерпаздары келіпті. Бұл концерттің негізгі бағыты дәстүрлі музыка болғандықтан, өнерпаздар сахнаға тек ұлттық киімдермен шықты.

Түркісой халықаралық ұйымының Қазақстандағы өкілі Асқар Тұрғанбаев:  «2009 жылы бүкіл түркітілдес елдердің президенттері бас қосқан саммитте Түркі дүниесін құру туралы қаулыға қол қойылған болатын. Осыған орай, қазан айының 3 жұлдызы Түркі әлемінің ынтымақтастық күні деп аталған. Осыған орай Шымкент қаласында алғаш рет осы мерекені атап өтіп отырмыз. Яғни, «Түркістан — Түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасы аясында бұл шара еліміз бойынша алғаш рет аталып өтіп жатыр», — деді.

Ұлттардың бірлігін паш ететін мерекелік концертті тамашалауға келгендер көп. Көрермендер мұнда әр елдің мәдениетіне, ұлттық өнеріне тәнті болып, өнерпаздарға қошеметтерін аямады. Түркітілдес ұлттар арасындағы бауырластық байланыс пен достықты насихаттайтын іс-шараға өңіріміздің зиялы қауымы да қатысты.