Картоптың бағасы қыркүйек айында 80-90 теңге болғанымен, қазан айында баға бірден – 125 теңгеге қымбаттаған болатын, ал арада апта өтпей жатып тағы да 140 теңгеге шарықтап шыға келді. Мұны саудагерлер биыл картоптың аз егілгендігінен деп отыр. Әрі картоптың біразы шетел асып жатқанға ұқсайды. Ал қыс мезгілінде картоптың бір келісі тіпті 300 теңге болуы мүмкін деген де болжам айтылуда. Бәрі де мүмкін. Жыл сайын қайталанатын жағдай: қай өнім аз егілсе соның бағасы шарықтап кететіні белгілі емес пе?
Тұрақтандыру қорының тізіміне жаңа өнімдер енгізілді
Биыл дер уақытында тұрақтандыру қорына азық-түлік өнімдері толтырыла бастады. Аталған қор мамандары өнім бағаларына мониторинг жүргізуде. Мұнымен қоса «Шымкент» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы халық көп тұтынатын ең қажетті 20 өнімге бағаны тұрақтандыру мақсатында азық-түліктің қорын жасақтауда. Дәл қазіргі уақытта қоймаларда мыңдаған тонна аталған азық-түлік түрлері жеткізілген. Әлеуметтік бағадағы өнімдерді сату үшін облыс әкімдігі жанындағы тұрақтандыру қоры комиссиясының қаулысы шығуы қажет. Содан кейін ғана ірі сауда орындары мен әлеуметтік дүкендерде, аптаның демалыс күндері ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде сатылымға шығарылады.
Үнемге үйренген жандар үшін бұл да болса көп көмек болары сөзсіз. Жылда күздің екінші айында арзандау бағада сатылымға шығатын азық-түліктерді күтіп жүріп алатындар азшылық емес. Күн сайын құбылған баға бағамы қалтаны жұқартып кететіні де рас. Көпшілікке аз да болса көмек болсын деген ниетпен баға бағамын ауыздықтау мақсатында облыс әкімдігі жанындағы тұрақтандыру қоры базардағы бағадан төмен етіп белгілейді. Биылғы жылға сатылымға шығарылатын өнімдердің біразы келісімшарт түзген шаруашылықтардың қоймасында және ірі сауда орындарының қоймаларында сақтаулы тұр.
Бүгінде халық ең көп баратын ірі супермаркеттермен қор арнайы келісімшартқа отырған. Бағасы арзандау «Фиркан» сауда орталығымен келісімшарт түзіліпті. Алдағы уақытта «Магнум» сауда желісімен келісімдер жүргізілуде екен. Аталған сауда орындарында «тұрақтандыру қорының азық-түлігі» деген жарнамасы болады. Сондай-ақ, биылғы жылы тізімге сиыр еті де ендіріліп отыр. Бұрын ет тізімде болмайтын. Одан бөлек қарақұмық та тізімге енген. Сондай-ақ, қазан айында 20 әлеуметтік дүкеннің құрылысы жүргізіледі деп күтілуде. Тұрақтандыру қорының өкілдері биылға жасақталған қор жеткілікті деп отыр. Дегенмен жыл сайын тұрақтандыру қорына қатысты дау биыл да қайталанбаса деңіз.
Облыста шілде айындағы азық-түлік инфляция деңгейі 99,8%-ды құраған. Оның ішінде азық-түлік тауарларының тұтынушылық бағасының индексі – 98,3%, азық-түлік емес тауарлар – 100,5%. әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары бағасының индексі 97,7% — ды құраған. Бұл биылғы шілде айына жоспарланған көрсеткіштен 1,9 пайыз пунктке төмен.
Маратбек Мырзамұратов, «Шымкент әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
– Бүгінгі таңда 2 мың тонна картоп сатып алынған. 1 200 тонна сәбіз, 1 мың тонна пияз, 1 мың тонна шекер, 200 тонна сиыр еті бар. Біз тек қана сиыр етін сатып аламыз. Басқа қой, жылқы етін сатып алуға рұқсат жоқ. Былтырғыға қарағанда біз картоптың да, басқа азықтардың да қорын көбейттік. Бұдан бөлек аталған тауар түрлерін арнайы машиналармен кез-келген жерде сата аламыз. Қалалық әкімшілікпен бекітіледі. Тиісті қоймалары бар, бір жерден алады. Дегенмен кез-келген жерде ет сатуға болмайды. Оның санитарлық рұқсаты болуы керек. Басты мақсат — халықты қолжетімді бағадағы азық-түлікпен қамтамасыз ету. Биыл неге ірі сауда орындары таңдалып алынды дегенге келсек, ол жерлерге халық көп барады. Әр азықтүлікке арнайы баға бағамы қойылуы керек. Шешім шықпай баға белгілеуге құзыретіміз жоқ. Дегенмен азық-түліктердің бағасы базардағыдан төмен болады. Бүгінгі күні салынатын әлеуметтік дүкендердің құрылыс мәселесімен, дүкендер орналасатын жерлердің мемлекеттік актісінің жұмыстарымен айналысудамыз.