ОҚО сотының қылмысты істер бойынша апелляциялық алқасында тонау фактісі бойынша апелляциялы іс қаралды. Өткен жылдың маусым айында алтын бұйымдарын сатушыны тонап, 14 млн теңгеден астам бағаланған әшекейлерді ұрлады деген күдікпен Сарығаш ауданының тұрғыны ұсталған болатын. Алдын ала тергеп-тексеру нәтижесінде ұсталған азаматтың кінәсі толық дәлелденіпті. Сарыағаш аудандық сотының үкімімен 7 жылға бас бостандығынан айырылып, дүние мүлкі тәркілеу туралы шешім қабылданған. Сот қаулысына наразы болған айыпталушы тарап аппеляциялық шағым түсірген. Алайда бастапқы сот шешімі өзгеріссіз қалды.
Жақсыгүл Әшірова, сотталушының анасы: «Құдайдан қорықпайтындар! Әділдік жоқ! Баламды былтыр 9 желтоқсанда үйден ұстап әкетті. Тінту жүргізіп, үш алтын жүзікті диванның астына тастай салған. Көзіммен көрдім, «подстава» ғой. Балам кінәсіз. Тергеушілерге «Геге мені тұтқындадыңыздар?» десе, «Біреудің алдын кесіп кеткенсің де» деп жауап беріпті. Тәртіп сақшыларының әдейі қасақан ұйымдастырғаны бұл. Неге біреудің кінәсін менің балама «іле» салады?!»
Бұл — перзенті тонау қылмысы үшін 7 жылға бас бостандығынан айрылған ананың жанайқайы. Алтын бұйымдарының сатушысын тонап, 14 млн теңгеден астам зиян келтірді деп айыпталған сотталушының берген түсініктерінің өзінде түрлілік бар. Оның себебін былай деп түсіндірді.
Б. Төлеев, сотталушы: «Бірінші тергеуде берген түсініктерімнен кейін қамауда жатып, асықпай есіме түсірдім. 25 маусым — туған күнім. Содан кейінгі оқиғаларды есіме түсіріп, 29 маусымда Шымкентте әуежайдан досымды қарсы алуға барғаным есіме түсті.»
Сапар Абылаев, айыпталушы тараптың қорғаушысы: «Тонау болған дүкеннің алдындағы бейнекамераға тонаған адамның кескін-келбеті түсіп қалған. Фотосуреттерді айғақ ретінде бастапқы сот отырысында қабылдамады. Апелляциялық алқа осыны ескерсе деймін.»
Айыпталушы тараптың қорғаушысы келтірген осы сынды ұсыныстарды апелляциялық алқа қабылдаған жоқ. Мемлекеттік айыптаушы да бастапқы сот үкімін өзгеріссіз қалдыруды сұрады.
Сонымен, Сарыағаш аудандық сотының шешімі өзгеріссіз қалды. Сотталушы Төлеев 7 жылға бас бостандығынан айрылып, мал-мүлкі тәркіленетін болды.
Зияддинхан Пірнияз, облыстық сот алқасының төрағасы: «Сот алқасы бастапқы сот үкімін заңды деп тапты. Айыпталушы тараптың шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды.»