Тозған техника: 3 айда 6 апат

418

27 жыл қолданыста болған ұшақ пен тозығы жеткен автобус ондаған адамның өмірін жалмады. Өткен аптаның қаралы күндері жұрттың есінен әлі кете қойған жоқ. Оның үстіне, бірер күн бұрын екі дәрігер, үш ұшқыштың өліміне себеп болған ауыр хәлде жатқан түркістандық ананың өзі де көз жұмды… Ал Ресейдің Владимир облысындағы пойыз бен автобустың соқтығысынан 19 адам қайтыс болды.

6 ұл-қыз анасының «айналайын!» деген жылы сөзін ести алмайды енді. Ата-анасының, жұбайының, туыстарының өкініші мен қан жылаған жүрегін жұбату да қиын. Бірақ…неге өзін-өзі осындай жағдайға түсірді?! Бұл сауалды өзгелер көңіліне түйіп алса екен…

Бір айға жуық ес-түссіз жатқан әйел жасанды аппараттың көмегімен ғана тыныс алып жатты. Дәрігерлер В, D гепатиті диагнозы қойылған науқастың бауыры асқынғанын да ескертті. Ота жасалды. Жергілікті дәрігерлер босанғаннан соң есінен танып, жағдайы ауырлаған әйелдің өмірін аман алып қалу үшін санитарлық авиация қызметінің көмегіне жүгінді. АН-28 ұшағына отырып, Шымкентке бет алған Алматылық орталықтан екі білікті маман келу керек еді… Жете алмады. Алматыдан әуеге көтерілген ұшақтың қозғалтқышы істен шықғып, 27 жыл бойы қолданыста болған әуе техникасы апатқа ұшырады. Бағытқа шыққан кезде ақауын байқаған ұшқыш оны шұғыл жерге қондырмақ болғанда, электр бағанасына соқтығысыпты деген дерек айтылды. Бортта жерлесіміз Талғат Патсаевпен бірге реаниматолог-дәрігер Жәнібек Артықбаев және экипаждың 3 мүшесі болған. Барлығының да отбасылары жер құшып қалды...

АЛ ОСЫ КЕЗДЕ…

Ресейдің Владимир облысының Петушин ауданы маңында үлкен жол апаты болды. Осындағы теміржол үстінде бұзылып, тұрып қалған жолаушы толы автобусты пойыз келіп соққан. Автобус ішінде 60-қа жуық адам болған. Олардың 19-ы сол жерде қаза тауып, бірнешеуі жараланды. ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, автобустың ішіндегі 55 жолаушы – Өзбекстан Республикасының азаматтары, екі жүргізуші мен тағы бір серіктесі — Қазақстан азаматтары болған. Үшеуі де Оңтүстіктің тумасы. Біреуі оқиға орнында көз жұмды. Екеуін РФ полицейлері тергеп жатыр. Осы сапарды ұйымдастырған және жолаушылардан ақша жинаған үшінші азамат екен. Құзырлы органдар қазір осы мәліметті тексеріп жатыр.

Анықталғаны, жүргізушілер рұқсат қағазы болмаса да, заңсыз түрде Мәскеуге өзбек азаматтарын жұмысқа алып барған. Діттеген жеріне аман сау жетсе де, қайтар жолда көлік істен шығып, қайғылы жағдайға ұшырап отыр.

Бүгінде зардап шеккендер мен қаза тапқан 36 адамның мәйіті өз елдеріне жеткізілді.

Айжан Ермекқызы