Зейнет жасына жақындаған, яғни, 1959 жылы туған азаматшаларды зейнетақы төлеу орталығының мамандары іздестіріп жатыр. Құжаттарыңызды құнттап, әлеуметтік төлемдерді есептеу орталығына барып, зейнетақыңызды тағайындаңыз. Құжаттар дер кезінде тапсырылмаса, мүмкіндіктен құр қаласыз. Себебі, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетке 58 жас 6 айда шығасыз.
Келер жылдан бастап әйелдердің зейнет жасы біртіндеп көтеріле бастайды. Осыған бірінші болып іліккендер, яғни, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап жасы 58-ден алты ай асқан әйелдер зейнетақы көлемінен ұтатын болады. Жаңа талап ауылының тұрғыны Баян Құлдыбаева 58 жасқа толуға бір ай қалғанда Абай ауданы бойынша халыққа қызмет көрсету орталығына келіп, құжаттарын құнттап жүр.
Өңірдегі әлеуметтік төлемдерді ведомоствоаралық есептеу орталығының мамандары 1959 жылы туған азаматшаларға құжаттарын түгендеуді ескертеді. Зейнет жасына жақындағандар өз мекенжайы бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарына немесе әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталықтарына бару керек.
Мамандар құжаттарды құнттауға 2-3 ай бұрын кіріскен жөн дейді. Алдын ала дайындалған құжаттар жиынтығында еңбек өтілі, балаларыңыздың туу туралы куәлігі болуы шарт.
Айта кетейік, еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлігі зейнет жасын 63 жасқа дейін жеткізуді он жыл ішінде қол жеткізбек. Ол 2018 жылдан 2028 жылға дейін жарты жылдан көтеріліп отырады. Яғни әйел азаматтарымыз 2028 жылы ғана 63 жасқа келіп зейнетке шығатын болады.
Шынар Оразова