Жергілікті полиция қызметінің жұмысы облыс белсенділерінің сынына ұшырады. Жыл сайын қомақты қаржы бөлініп, техникалық базасы жаңарса да көрсеткіш көңіл көншітпейді. Учаскелік инспекторын танымайтын халық саны да артқан. Есесіне тек қағаз жүзінде азаятын қылмыстар күн санап өсіп барады.
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде өткен облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысына жиналғандар осылай деп мәлімдеді. Жергілікті полиция қызметінің есебін тыңдаған кеңес мүшелері сөзден іске көшетін кез келгенін айтты.
ОҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы Әбдіғани Сейдуәлиев биылғы 8 айда жергілікті полиция қызметінің атқарған жедел-қызметтік жұмыстарының қорытындысын баяндады. Оның айтуынша, осы сегіз айында жүзеге асырылған шаралардың нәтижесінде облыс аумағында орын алған жалпы қылмыс 15,3 пайызға төмендеген. Ал қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 21,4 пайызға, көшеде жасалған қылмыстар 29,6 пайызға азайған.
Баяндамашының есебіндегі көрсеткіштерді облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері де саралаған. Мал ұрлығының, жеткіншектердің қатысуымен орын алған қылмыстардың алдын алу, алаяқтық, ұрлықпен күресудің жолдары жариялы болуын талап етеді белсенділер.
Жиында өңірге іс-сапармен келген үкімет басшысы және де өзге де мәртебелі меймандарды жол сілтеуші жол-патрульдік полициясының әрекеті де сынға алынды. Істеп тұрған бағдаршаммен қоса жол қозғалысын қолмен реттеу үрдісінен қашан арыламыз дейді қоғамдық кеңес мүшерелі.
Жергілікті полиция қызметінің әр қызметкері үкімет тарапынан көрсетілген қолдауды және халықтың сенімін міндетті түрде ақтау тырысуы тиіс деп есептейді қоғам белсенділері. Ал бөлінген қаржының жаңа құрылымның жұмысын жүйелеуге материалдық базаны нығайтуға жеткіліксіздігін тілге тиек еткен жергілікті полиция қызметінің басшысы айтылған сын мен ұсыныстар алдағы жұмыс барысында ескерілетінін атап өтті.