«Мүгедектердің мүмкіндігі шексіз…»

388

«Ерекше жандар» бағдарламасының бүгінгі қонағы – Шымкент қалалық оқу өндірістік кәсіпорнының директоры Марат Пірімжанов.

     – Жуырда ғана Қазақ зағиптар қоғамының 80 жылдығын атап өтті. Облыстық зағиптар қоғамының жұмысы жайында айтып өтсеңіз…

    – Бүгінде 26 қазанда республикалық пленум өткіздік. Осы қоғамның жұмысына белсене араласқан ардагерлерге құрмет көрсеттік. Осы зағиптар қоғамында 20 жыл бойы басқарған Е. Өтегеновтің атындағы арнайы сыйақы тағайындалған болатын. Қоғамның белсенді мүшелеріне жылына бір рет беріліп тұрады. Соны биыл ақтөбелік К. Жолмағанбетовке, сосын республикалық көзі көрмейтіндерге арналған кітапхананы басқарған Н. Сопелкинге бұйырды. Алдағы уақытта өзге де еңбек сіңірген қызметкерлерге беріліп тұратын болады. Мүмкіндігі шектеулі болса да өкімет тарапынан берілетін жәрдемақыға қарап отырмай жұмыс істеп, еңбек етіп жүргендер көп.

    – Көзі нашар көретіндерге арналған кітапхананың ұйымдастыруымен өтетін «Өнерім көңіл шуағым» атты байқауға үнемі демеушілік жасап келесіз. Осы жайында айтып өтсеңіз…

    – Көзі нашар көретіндерге арналған арнайы кітапхана мен біздің қоғамның атқарып отырған қызметі бөліп жаратын ештеңесі жоқ. Кітапхананың атқарып отырған қызметі зор, рухани байлық береді. Біздің қоғам жұмыс тауып беру, жағдай жасау, табыс көзін ашып беру, мұның барлығы да мүгедектерге жасалып жатқан жағдайлар. Қолымыздан келгенше демеушілік жасаймыз. Алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Кәсіпорнымызда тігін цехымыз бар. Жиһаз жасайтын. Мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыс істейді. 90-шы жылдары қиындық болды. Қаржы жоқ, жұмыс жоқ. Одан да өттік… Мүгедектерді мүмкіндігі шектеулі жандар деп жатады. Негізінде олардың мүмкіндігі шексіз. Көзі көрмегенімен басқа жағынан алғыр. Өзін рухани байыту жағынан да алда. Бір деңгейде тұрып қалмау, өзін өсіру жағынан озат. Өкімет жақсы көмектесіп жатыр. Бірақ мекемемізде өзіміздің ұранымыз бар «Өзіміз істемесек бізге кім істеп береді?» дегендей. Қолдарынан бәрі келеді. Үйренсем деген ынталары зор.