Жас құсбегілер

695

Қазақтың құсбегі халық екенінде дау жоқ. Қазақ жігіттері қыран салып, аң аулауды жаны сүйген. Бүгінде осы дәстүрді жалғастырп келе жатқан жастарымыз да бар. Қасқасудың тумалары бүркіт және тұйғын құстармен кішкентайларынан дос. Оларды сезінеді, ұғынады, тіпті тіл табыса да алады. Сейдулла мен Төремырза Қасқасу өңірінің белгілі саятшысы Жомарт Кеуеновтың перзенттері. Айтуларынша әкелері Жомарт жастайынан ата жолын қуып құсбегілікпен айналысып келеді. Жас құсбегілер қазіргі таңда әкелерінің көмекшісі. Олардың үйінде жеті қыран құс бар. Жомарт Сейдулла – 15 жаста. Қыранға қызығушылығым 7 жасымда оянды деген ол отбасында Ақиық атты бүркітті жауаптанып алған. Сейдулла біздің газеттің оқырмандарына қыран құсты қалай баптау керектігін түсіндіріп берді.

Біз таңертең 7-8 шамасында ұйқыдан тұрамыз. Құстардың жемін береміз. Өне бойын бір байқап, ішкен-жегенін сіңіргенін тексереміз. Құстарымызда бәрі дұрыс болғанына көз жеткізген соң оқуға барамыз. Түскі сағат екі-үш шамасында оқудан келген соң құстарымыздың жаттығуларын жасатамыз. Бірінші атпен қолдан шақырамыз. Одан кейін шырғаға саламыз. Кейін қанатын жаттықтырып, біраз ұшырамыз. Осылайша, күнделікті жаттығуларын жасатып отырамыз. Қыранды бабында ұстау үшін олардың жеміне аса мән берген жөн. Тек таза ет беру керек. Біз ет бергенде жуып, жақсылап тазартамыз. Жаздыгүні түлектегі кезінде әрқайсысы күніне бір келіге дейін ет жейді. Ал, қазір қолымызда болғандықтан 200-300 грамм еттен ары жегізбейміз. Және тұздалған ет беруге мүлдем болмайды. Жемдерін бабымен ғана беру керек. Қыран бүркіттер мына соядай тырнақтарымен 20-30 келіге дейін салмағы бар аңды тырп еткізбей ұстап жата алады. Ал, қаршыға болса, кекілк, кептер, қырғауыл, қоянға әлі жетеді. Бүркіттерге бір аңды алу үшін 2-3 минут жеткілікті.

Осылайша жас саятшылар қырандарының қыр-сырымен таныстырды. Олар бүркіттің басына кигізген томағаны не үшін қолданатынын және қолдарына киген арнайы биялайдың не үшін керектігін де түсіндіріп өтті. Айтуларынша томаға қыранды әр жаққа елеңдеп, ұшқысы келуден қорғайды екен. Егер томағасы болса, ол бірқалыпты тыныш отырады. Ал, биялай болса, қырандарға жем беруге ыңғайлы. Сонымен қатар, құсты қолға отырғызғанда, олардың тырнақтары денеге кіріп кетуден сақтайды екен. Томаға мен биялай да арнайы қайыстан жасаланады. Жас бүркітшілер әкесіне еріп, саятшылыққа да шығып үлгерген. Құстарды балапан кезінен бауырларына басып, олардың мінез құлқына дейін біліп, соған сай қарым-қатынас жасаймыз деген жастарға көз сүйсінеді.

Егер қыран бабында болса, айтқаныңды істейді, сол себепті оларды әркез бабында ұстауға тырысатындарын да айтып өтті. Осының барлығына әкелерінің жол көрсететінін айтқан жеткіншектерге біз де разы болдық. Бүгінде Жомарттың перзенттері республикалық жас құсбегілер байқауларында бақ сынап, қанша мәрте жеңістің төрінен көрінген. Құсбегіліктің қыр-сырын түсіндіріп әдемі әңгіме өрбіткен Сейдулла мен Төремырза алдағы уақытта да әке жолын қуып ата-бабамыздан мұра боп келе жатқан құсбегілік өнерімен айналысатындарын жеткізді. Біз де оларға тек сәттілік тілейміз.

Жанерке ХУМАР