Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге бағытталған байқау жеңімпаздары марапатталды

3

Қаламызда алғаш рет «Жарнама – тіл тазалығының көрінісі» байқауы өтті. Оның басты мақсаты – тұрғындарды мемлекеттік тілді сауатты қолдануға шақыру. 

6506 әскери бөлімінің офицері Олжас Әділбек «Жарнама – тіл тазалығының көрінісі» байқауының жүлделі 1 орын иегері атанды. Қаламызда бірінші рет өткізіліп жатқан жарысқа ол бірнеше мақала өткіздім дейді.

«Тілдер орталығының  мамандары бізге келіп сабақ өтеді. Сол кезде қызметкерлер маған осы байқауды айтты. Содан кейін әртүрлі мақалаларымызды ұсынып, презентация түрінде жібердім. Міне 1 орынға иеленіп отырмын», – дейді 6506 әскери бөлімінің тішлі-офицері Олжас Әділбек.

Ал телеарнамыздың қызметкері Айнұр Шырымбекова сайыстан екінші орынды еншіледі. Ол байқауға эфирден көрсетіліп жатқан қазақ тіліндегі жарнамалардың жиынтығын ұсынғанын айтады. Сөзінше сапалы мәтін қашан да жоғары бағаланады.

«Бұл байқауға негізі бір күн қалған кезде қатыстым. Кеш естіп қалдым. Бірақ сонда да байқаудан жүлделі орын алдым. Бұл байқау ана тіліміздің мәртебесін көтеруге үлкен үлесін қосады», – дейді Отырар телеарнасы жарнама бөлімінің трафик-менеджері Айнұр Шырымбекова.

Жарысқа қатысуға 10 адам өтініш білдірген. Ниет білдірген 9 үміткерден түрлі бағытта жарнамалар мен мәтіндер келіпті. Соның ішінен тіл тазалығы сақталғанын іріктеп алдық дейді жауапты мамандар.

«Байқауға автор өзінің жасаған туындылары видеосы, жарнамасы болсын, өзінің жазған мақаласы болсын, өз материалдарын жіберді. Соның ішінен саралап, бүгін жеңімпаздарды марапаттап жатырмыз. Бастысы тіл тазалығына назар аудардық», – дейді Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының директоры Гүлмира Жанысбекова.

Қатысушыларға қойылған басты талап, жарнама мәтінін мемлекеттік тілде сауатты рәсімдеу. Мамандардың сөзінше алда тағы да ана тілдің мәртебесін көтеруге арналған осындай сайыстар өткізу жоспарда бар.