18 қаңтар Қ. Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры үшін тарихи күн. Қ. Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы, Жетісай қаласында орналасқан. Аталмыш театр өз шымылдығын 1969 жылдың 18 қаңтарында қазақ әдебиетінің классигі Б. Майлиннің «Жалбыр» музыкалық драмасымен ашқан болатын. Режиссері – Қасымхан Шанин, басты рөлде Жеңіс Қарғабаев ойнады.
Театрдың ашылуы аудан көлемінде ғана емес, бүкіл Оңтүстік Қазақстандағы елеулі оқиға болды десек жаңылмаймыз. Жетісай театры Республикамызда өзіндік шығармашылық қолтаңбасы бар, биік көркемдік дәрежедегі өнер шаңырағы екендігі анық. Оның дәлелі, 1978 жылы Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің № 383 қаулысымен Жетісай қазақ – музыкалы драма театры Қазақ ССР-нің халық артисі, СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қ.Жандарбековтың атының берілуі болатын.
Бүкілодақтық театрлар байқауының екі рет дипломанты атанды, Алматыда өткен онкүндіктің қорытындысы бойынша Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің «Құрмет грамотасымен» наградталды. Күні кешегідей көрінгенімен 49 жыл — театр ұжымы үшін үлкен бір шығармашылық белес болып табылады.
Театрдың іргетасын өнердің біртуар саңлақтары — Қасымхан Шанин, Мұхтар Өтебаев, Тасболат Бәйімбетов секілді театр десе ішкен асын жерге қоятын азаматтар қалады. Мәскеу мәдениет институтының түлегі, марқұм Алтынбек Оңалбаев ширек ғасырдан астам уақыт Жетісай театрының бас режиссері қызметін тапжылмай атқарды.
Бар болмысы театр үшін жаралған дарынды әртістер А.Ысырайлов, Х.Саурықов, Ш.Қожамұратова, Ы.Иманқұлов, М.Омарбекова, Ш.Хакімжанов, Т.Қыстаубаев, З.Меңлібаев, З.Оспанова, Ж.Қарғабаев, Сәния және Тасболат Бәйімбетовтер, Ә.Омарова, Қ.Бекмұратова, Ә.Жәбішев, Р.Қошпанқұлов, К.Молдәулетов аталған театрдың алғашқы әртістері болды. Олардың ұлағатты істері мәңгі есте сақталады.
Театр сахнасына өздерінің қолтаңбаларын қалдырған режиссерлер — А.Оңалбаев, Т.Әшімов, Ы.Иманқұлов (Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі), Т.Қыстаубаев (Қазақстанның халық әртісі), Т.Бәйімбетов (Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері), Е.Оразымбетов (Қазақстанның халық әртісі), Ө.Тастанбеков, Ж.Есенбеков, Ә.Құлданов, (Қазақстанның Мәдениет қайраткері), Ғ.Арынов, С.Тасеменова, А.Алтынбеков, И.Ниязбеков, Е.Қабдыл, Т.Ахметов және тағы басқалары саналуан жанрлы қойылымдарды сахналады. Олардың толыққанды сахналық дүниелердің жарыққа шығуына көп күш жұмсағандары өнер сүйер қауымға белгілі.
Әр кезеңдері театрдың бас суретшілік міндеттерін абыроймен атқарған білікті маман азаматтар да көп. Олардың қатарына Д.Роот, А.Қойшыбаев, ҚР Мәдениет қайраткері Б. Сраилов, қазіргі таңдағы бас суретші ҚР Мәдениет қайраткері Т. Байдарбеков, тағы басқаларын қосуға болады.
Жоғарыдағы театрымыздың іргетасын қалаған әртістеріміздің ізін жалғастырушылар ретінде Ә. Енімбаев, ҚР Мәдениет қайраткерлері Р. Бейсебаева, Ұ. Базарбаева, ҚР еңбек сіңірген әртісі Ұ. Әкім, К. Сейітметов, Р. Манжігітова, Н.Тілеубергенов, А.Серікбаева, Б. Сүлейменова, мәдениет саласының үздігі М. Жұмаділдаева, А. Раметова, Ә. Сапаров, Ұ. Дәрменшиева, Н. Анасов, З. Найзағараев, А. Бейсебаев, Қ. Жолшыбеков, Ж. Тастеміров, Қ.Құлыншақ, А.Қолдасов, Ғ.Қаппаров, О.Қалыбекова, Ж.Мұсаев, У.Базарбаева тағы басқаларының да есімдерін атап өтуге болады.
Театрдың 1991 — 2018 жылдар аралығындағы жетістіктеріне келетін болсақ, еліміз Тәуелсіздік алған жылдары экономика құлдырап, мәдениет пен өнер, оның ішінде театр саласының да үлкен қиыншылықтарға тап болғаны белгілі. Осы уақыт аралығында театр қазақ, өзбек, орыс, қырғыз және шетел драматургтерінің 200-ден аса драмалық, комедиялық, трагедиялық саналуан дүниелерін сахналады, мыңдаған көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Республикамыздың көптеген облыстарында, көршілес ТМД елдерінде болып, талғампаз Астана, Алматы көрермендерімен де бірнеше рет жүздесіп жоғары бағаларын алды.
1997 жылы Алматыда М.Әуезовтың 100 жылдығына арналған Халықаралық театр фестивалінде режиссеріміз Т.Қыстаубаевқа «Үздік қойылым» номинациясы беріліп, фестиваль лауреаты атанғанын да тарихи жетістіктеріміздің бірі ретінде атап өткеніміз жөн.
2000-2004 жылдары Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойында Ә.Құлданов сахналаған О.Дастановтың «Әзірет Сұлтан» қойылымы ерекше аталып, көрермендер көңілінен шықты. Ақын-драматург И.Сапарбайдың «Шіркін, Шәмші» драмасы Өзбекстанның Әндіжан қаласында өткен Халықаралық театр фестивалінде жоғары баға алды. Қырғызстанның Ош қаласында өткен туысқан елдер театрларының фестиваліне Шахимарданның «Кішкентай Сұлтан» қойылымымен қатысып, фестивальдың арнайы сертификатын иеледі.
2005 жылы Жетісай драма театры Қызылордада өткен Қ.Жандарбеков пен Қ.Байсейітовтердің 100 жылдығына арналған ХІІІ республикалық театрлар фестивалінде лауреат атанып, Қ.Жандарбеков атындағы сыйлықты иеленді. Фестивальге театр ұжымы У.Азимнің «Алпамыс» драмасымен қатысқан болатын.
Осындай табыстарға ие болған шалғайдағы театр халқымызды әсемдік әлеміне, көркемдікке, азаматтық дәстүрге баулып, рухани жетістіктер жолында аянбай тер төгіп келеді.
Театрымыз еліміз Тәуелсіздігін алғаннан кейін де бірнеше ауқымды қазақ, өзбек, орыс, қырғыз және шетел драматургтерінің драмалық, трагедиялық, комедиялық қойылымдарын сахналастырды, мыңдаған көрерменнің ықыласына бөленді. Мұнымызға И.Сапарбаевтың «Шіркін, Шәмші!», У.Азимнің «Алпамыс», Х.Хурсандовтың «Өлдік те, құрметті болдық», Ә.Оразбековтың «Бір түп алма ағаш», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», Еврепидтің «Троя арулары», Ш.Құсайыновтың «Әл-Фараби», Есенберлиннің «Ғашықтар», Т.Ахтановтың «Күшік күйеу», С.Балғабаевтың «Қазақша күрес», Ш.Құсайыновтың «Үкілі Ыбырай», З.Найзағараевтың «Мүсінші», Д.Исабековтың «Пері мен Періште» қойылымдары айғақ.
Міне, ұжымымыз дәстүрлі бағытынан айнымай ардагерлер салып кеткен жолмен алға қарай жылжып келеді. Әрине, қиыншылықтар да болмай тұрмайды. Дегенмен, шығармашылық ұжымда ілгерілеу бар. Ендігі басты сенім – театр жастарында. Қазіргі таңда Жетісай драма театрында жас актерлер мен актрисалардың жаңа шоғыры өсіп келеді.
Жоғарыдағы аталған аға, әпкелерінің ізін жалғастырушы әртістеріміз Б.Айдаров, Б.Қазыбеков, Б.Қаппаров, С.Айдарова, Б.Қалдарбекова, Б.Баймағамбетов, Д.Қоңырова, Қ.Қасымбеков, А.Өтебеков, Ш.Айдынбекова, Ө.Айдаров, М.Қаппарова,С.Арипханов, А.Қамбарбеков, Н.Оралбеков тағы басқалары да шеберліктерін шыңдай түсіп, іздену үстінде. Өнер сүйер жастардың барында Жетісай драма театрының болашағынан үлкен үміт күтуге болады. Бұл бағытта театрымыздың бүгіндегі жас режиссері ҚАйтибаев жан-жақты шығармашылықпен еңбек етуге ұмтылуда.
Шалғайдағы Жетісай драма театры өз ісін жалғастыруда. Осы театрда 20 жылдан астам басшылық жасаған ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Т.Бәйімбетов, сондай-ақ К.Молдәулетов, Қ.Мәмеков, Ж.Құдияров, Ш.Кенжеханов, Ә.Мейірбеков, С.Серікбаев, О.Шойғараевтың да мол үлестері бар. Жоғарыдағы ағаларының ізін жалғастырушы, қазіргі таңда театр ұжымын басқаратын қазақтың театр саласында ұзақ жыл жемісті еңбек еткен театрдың директоры Б.Сраилов та (ҚР Мәдениет қайраткері, кәсіби «Еңлікгүл» сыйлығының лауреаты) ұжымның жоғары белестерден көрінуі жолында нәтижелі жұмыстар атқаруда.
2013 жылы Б.Сраиловтың басқаруындағы Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры өзінде өткен «ТЕАТР КӨКТЕМІ — 2013» облыстық театрлар фестивалінде Нобель сыйлығының лауреаты Юджин О-Нилдің
«Шырмауық астындағы шырғалаң» трагедиясы үшін «Ең үздік қойылым» номинациясын иеленіп, театр шығармашылығын қайта жаңғыртты.
«ТЕАТР КӨКТЕМІ — 2014» облыстық театрлар фестивалінде Жолтай Әлмашұлының «Ай астындағы алтын шаһар» драмасымен қатысып «Сахнадағы аналар мәртебесі» номинациясын жеңіп алған-ды.
«ТЕАТР КӨКТЕМІ — 2015» облыстық театрлар фестивалінде Дулат Исабековтың «Тыныштық сақшысы» драмасымен қатысып, «Кейіпкерлер бейнесін шынайы кескіндеу» номинациясының иегері атанды. 2015 жылы Атырауда өткен Рақымжан Отарбаевтың Халықаралық театр фестивалінде «Двойник» криминальды драмасымен жүлделі 3-орынды иеленіп үлкен мәртебеге ие болды.
«ТЕАТР КӨКТЕМІ — 2016» облыстық театрлар фестивалінде Рақымжан Отарбаевтың «Түнек торы» драмасымен қатысып, «Ең үздік ер адам» номинациясына ие болды.
2017 жылы облыста өткен Түркі әлемі театрларының «ТЕАТР КӨКТЕМІ — 2017» фестиваліне Ш.Айтматовтың «Жәмилә» махаббат тарихын алып барды, ал театрымыздың актрисасы Б.Қалдарбекова Жәмилә ролі үшін Жанбике Шанина атындағы диплом берілді, арнайы сертификатқа ие болды. Театрымыздың жас талантты актері С.Арипханов қойылымдағы Сейіт рөлі үшін «Қойылымдағы ұтымды бейне» номинациясымен марапатталып, арнайы сертификатты иеленді.
Театр өнері әрқашан да өзекті бола тұра рухани құндылықтарды арттыруда қоғам, ұлт үшін маңызды мәселелерді ортаға салып көтеруі қажет. Елбасының мәдениет пен өнерге деген айрықша қамқорлығын ескере отырып Қ.Жандарбеков атындағы драм театрының ұжымы да үлкен шығармашылық жетістіктерге жете береді деген үлкен сенімдеміз.