Ұрыларды ұстауға көмек көрсеткендер марапатталды

510

Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс АІІБ-нің бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Исабеков мал ұрлығын ашуға көмектесіп, азаматтық танытқандарды марапаттады. Аудан тұрғындары Дүйсенбек Қоңырбаев пен Ақылбек Әлімбековке қылмысты ашуға көмектескендері үшін салтанатты түрде алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табыстады. Елгезек қос азамат полицейлерге қылмыстық топтың ізіне түсуге және мал ұрыларының «ізін суытпай» ұстауға көмектескен.

2017 жылдың  желтоқсанында полиция бөліміне түнгі уақытта Қожатоғай ауылында тұратын тұрғынның ауласынан қойдың ұрланғаны жайлы хабарлама келіп түскен. Тәртіп сақшылары анықтағанындай белгісіз тұлғалар жәбірленушінің шамамен сомасы 100 мың теңге тұратын 4 қойын ұрлап кеткені белгілі болды.

Мал ұрлығын ашуға жергілікті тұрғындар Д.Қоңырбаев пен А. Әлімбеков көмектескен. Олар тек көліктің белгілерін ғана айтып қоймай, қылмыскерлердің жасырынған жерін анықтауға белсенді атсалысқан.

Арыс АІІБ-нің полицейлері жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізу барысында қой ұрлауға қатысы бар үш күдіктіні қолға түсірді. Қылмыстық топ мал ұрлығының 7 жайтына қатысы бары анықталды. Аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 188 «Ұрлық» бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Арыс АІІБ-нің полицейлері ауыл тұрғындарына мал ұрлығын ашуға көмектескенін атап өтіп, алғыс білдірді.