Оңтүстік Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті ата-аналардан телефондарын балаларға ойнауға бермеуді сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат tvk-uko телеарнасына сілтеме жасап. Құтқарушылардың айтуынша, бір айда шұғыл қызметтердің нөміріне 7-8 мың қоңырау түссе, олардың 2 мыңға жуығын балалар жасайды.

«Балалар ойнап отырып, 112 пультіне қоңырау шалған кезде, телефон желісі бос болмағаннан көмекке расымен мұқтаж адамдар хабарласа алмайды», – деп атап өтеді олар.   Мамандар диспетчерлік бөлімде нөмірді анықтайтын құрал тұрғанын ескертеді. Егер шұғыл қызметтердің телефондарына екінші қайтара жалған қоңырау шалынса, балалардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

«Ата-аналардан балалардың телефонмен ойнап отырып, шұғыл қызмет нөмірлерін термеуін қадағалауды сұраймыз. Бір батырманы басқан кезде 112 нөміріне қоңырау автоматты түрде кетеді. Балалар қоңырау шалып, үндемей тұрады, содан желі бос болмайды. Бұл кезде біреулер көмек сұрап, хабарласа алмай жатқан болуы мүмкін», – деп атап өтті ТЖД-ның бөлім бастығы Арман Асыбеков.