Апатты жағдайларды болдырмау үшін заңсыз тасымалдың жолын кесу керек

721

Техникалық қауіптілігі қамтылмаған көліктер рейске шығарылмауы керек. Себебі апатты жағдайларға көбінесе тиісті тексерулерден өтпеген көліктер ұшырайды дейді мамандар. Жолаушыларды тасымалдайтын көліктердің жолға жарамдылғы қалай тексеріледі? Жүргізушілердің дайындығына кім жауапты?

Механик Серік Жалмырзаев рейс алдында барлық көліктердің техникалық ахуалын қадағалайды. Алдымен дөңгелектерін, кейін жарықтарын тексереді. Қозғалтқыш механизмі де сақадай сай болуы керек. «Көптеген көліктердің осы бөлігінен ақау шығады», — дейді маман. Автобустардағы өртке қарсы шаралары да пысықталуы шарт.

Серік Жалмырзаев, механик: «Алыс жолдарға шығатын автобустар болсын, қала орталығына қатынайтын автобустар болсын ең бастысы доңғалақтары, ұзақтыққа арналған жарығы, өрт сөндіру құралдары сақадай сай болуы керек».

Жолға шығар алдында көлік тізгініндегілердің дайындығы да маңызды. Шаршау, масаң күйдегі жүргізушілер бірден рейстен шығарылады. Дәрігерлер алдымен олардың қан қысымын, жүрек соғысын тексеріп, денсаулығының жарамдығына көз жеткізу тиіс.

Дәрігер Хусаин Исмилов «барлық жүргізушілер тексерілмейді, тек күдікке ілінгендері ғана тексеріледі», — дейді.

Шымкент қалааралық автовокзалының заңгері Әлібек Күмісов апатты жағдайларды болдырмау үшін алдымен заңсыз тасымалдың жолын кесу керек дейді. Себебі, көліктердің техникалық ахуалын тексеру шараларына атүсті қарайтын тасымалдаушылар жолаушылардың қауіпсіздігіне де бас ауыртпайды.
Әлібек Күмісов, Шымкент қалааралық автовокзалының заңгері: «Бұрын лицензияны 1 жылға ғана беретін. Қазір шектесуіз беретін болған».

Айта кетейік, облыста бүгінде 37 облысаралық, 115 ауданаралық бағыттарда 62 компания қызмет көрсетеді. Алайда, соңғы кездері орын алған автобустардағы апатты жағдайлар тасымалдаушылардың жолаушы қауіпсіздігіне қаншалықты алаңдайтынын көрсетті.

Мақпал Рысбаева