Атырауда адам ұрлаған екі күдікті Түркістан қаласында жасырынып жүрген жерінен ұсталды, деп хабарлайды inform.kz. Адам ұрлау дерегі осы жылдың 4 қаңтар күні орын алған болатын. Екі ер адам Датов көшесінде 1990 жылы туған азаматты еркінен тыс ресейлік нөмірлі ВАЗ-2114 көлігіне отырғызып, ұрлап кеткен. Қаланың сыртына шығарып, екі сағат бойына арматурамен ұрған. 600 мың теңге талап еткен.
Айтқандарын орындата алмаған соң, оқиға орнынан бой тасалап кетіпті. Ал, ауыр дене жарақатын алған жәбірленуші полицияға арызданған. Тергеу шаралары кезінде адам ұрлағандардың тұлғасы анықталып, олардың бұрын сотты болған 1987 және 1990 жылы туған Атырау тұрғындары екені белгілі болды» дейді Атырау облыстық ІІД баспасөз қызметінің баспасөз хатшысы Назымгүл Қайсағалиева.
Жедел іздестіру шараларын жүргізу кезінде сезіктілердің Атырау қаласынан қашып кетіп, Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында жүргені анықталды. Тәртіп сақшылары адам ұрлаған екеуді Түркістан қаласында қолға түсірді. Тергеу барысында күдіктілер Қырғызстанға шекара аспақ болғанын айтқан.
«Адам ұрлаушы сезіктілердің жоспары жүзеге аспай қалды. Оларды ұстау үшін сот тәжірибесінде алғаш рет бас шарасын қамауға алу туралы санкция бейнеконференция арқылы жүзеге асырылды»,- деді Назымгүл Қайсағалиева. Екеуіне қатысты Қылмыстық кодекстің 125 бабы «Адам ұрлау» бойынша іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер Атырау қаласына қарауыл жасағының арқылы жеткізілетін болады.